Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақсықылышта келелі тіршілік бар

Жақсықылышта келелі тіршілік бар

4927 адам қоныс тепкен Жақсықылыш кенті – қазіргі күні мемлекет қолдауын сезініп өркен жайып келе жатқан ауылдардың бірі. Бүгінде «Ауыл –ел бесігі » бағдарламасы аясында келелі істер жүзеге асып, ауыл халқына қолайлы жағдай туғызды. «Ақ алтынның Отаны» саналып, тұз кәсіпорнының орталығына айналған мекеннің халқы да еңбекшіл. Тұрғындардың басым көпшілігі «Аралтұз» кәсіпорнында еңбек етеді. Соңғы кезде кәсіпке ден қойғандардың да қатары қалың.
Кентте 874 жеке қожалық бар. Мал шаруашылығымен 30 шаруа қожалық, 20 дара кәсіпкер айналысса, қалғаны жеке қожалықтардың үлесінде. Төтенше жағдайды алдын-алуды қаржыландыру резерві есебінен жайылымдық жерлерді суландыру мақсатында жаңадан 2 су ұңғымасы қазылған болатын. Бұл мал шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай туғызуда. Кентте «Аралтұз» акционерлік қоғамы, 6 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 141 жеке кәсіпкер бар.
– Өткен жылы кент бойынша жаңа жұмыс орындары бойынша 133 адам жұмысқа орналасты. Оның 111-і «Аралтұз» АҚ-ның, қалған 22-сі өздерін жұмыспен қамтыған кәсіпкерлер. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңына сәйкес жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жұмыстары өз деңгейінде жүргізілді. Жыл көлемінде жастар практикасымен 1 адам, жалпы негізде қоғамдық жұмысқа 12 адам, "Жасыл ел" бағдарламасы бойынша 17 жас жұмыс істеді. Кентке 2020 жылы табиғи газ желісі жүргізілген болатын. Қазіргі таңда ел көгілдір отынның игілігін көріп отыр.
Ауылда 17 көше жаңадан асфальтталып, 280 электр бағаналарына светодиодты шамдары орнатылды. Сонымен қатар жарық шамдары істен шыққан 6 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңадан ауыстырылды, – деді кент әкімі Пазылбек Берсүгіров.
Кенттегі іргелі білім ордасы №19 орта мектепте 1008 оқушы білім алуда. Оларға 121 мұғалім тәрбие мен білім нәрін сіңіруде. Биылғы оқу жылы қорытындысымен 2 түлек «Алтын белгі», 2 түлек «Үздік аттестат» иеленіп, 35 мектеп бітіруші түлек мемлекеттік білім грантын жеңіп алған. «Ауылым – алтын бесігім» республикалық жобасы аясында №19 орта мектебіне жапсарлас 100 орындық қосымша оқу ғимараты салынып, пайдалануға берілген. Тағы бір ақжолтай жаңалық, кентте жаңадан салынатын 300 орындық мектеп құрылысына жер телімі бөлініп отыр.
– Кентте екі балабақша бар. «Күншуақ» жеке балабақшасында 40 бала, өткен жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілген «Асылым» жеке бөбекжай-бақшасында 120 бала тәрбиеленуде. Ауыл халқына медициналық қызметті 2008 жылы пайдалануға берілген дәрігерлік амбулатория жүзеге асыруда. «Жақсықылыш» дәрігерлік амбулаториясында 36 адам жұмыс істейді. 2 дәрігер, 24 орта буын медицина қызметкері, 10 техникалық қызметкер бар. 14 төсектік күндізгі емдеу бөлімі де халық қажетіне жарап тұр. Амбулатория қызметкерлері жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, жастардың қоғам өміріне араласып, белсенді өмір сүруін ұдайы назарға алып отырамыз. Ауыл жастарының спортқа деген ынтасы жоғары. Бұл кенттегі бұқаралық спортты дамытуға үлкен септігін тигізіп отыр. Ауыл жастарының бастамасымен ашық спорт алаңы салынды. Және «Ауылым-Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ 2024 жылы «Аралтұз» АҚ-ның демеушілігімен балалар ойын алаңы мен шағын спорт алаңын салу жобалары жоспарланып отыр, – дейді кент әкімі.
Кенттің кемел келешегі үшін алға қойған жоспарлар да жоқ емес. Соның ішінде тұрғын үй салу үшін жер кезектілігінде тұрған жандардың қатарының жыл сайын артуы. Осыған байланысты жел телімін беру жұмыстарын жандандыру қазіргі күні кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр. Сондай-ақ Жақсықылыш тауының етегін жайлай орналасқан халықтың санының күннен-күнге артуы мұндағы білім беру орындарының да қажеттігін туындатып отыр. Алдағы уақытта тағы бір жаңа мектептің құрлысын бастау жоспарлануда.
Әрине алға қойған міндеттер мен жоспарлар баршылық. Олардың бәрі уақыттың еншісінде.

Н. БАҚЫРАН                                                                                                                                                                                                                                                           
13 ақпан 2024 ж. 297 0