Азаматтық танытқан жандар марапатталды

Аудан басшысы Аманжол Оңғарбаев бүгінгі өткен актив отырысында жолаушыларды ыстық тамақпен, тұрмыстық заттармен және дәрі-дәрмекпен көмек көрсетіп, демеу болған барша азаматтарға шынайы алғысын білдірді.
«Қалыптасқан ахуалға байланысты, дер кезінде арнайы штаб құрылып, барлық қажетті шаралар қолға алынды. Атап айтқанда, оқиға орындарында полиция, төтенше жағдай және медициналық қызмет тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырды. Айырықша айтатын жәйт, әкімдіктен бастап біршама мекеменің қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер мен еріктілер қайырымдылық танытып, «Жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу» бола білді. Арал индустриалды-техникалық колледжінің жатақханасына 89 адам, «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығына 25 адам, Аралқұм елді мекеніндегі №61 орта мектебіне 60 адам, «Нұр» қонақ үйіне 10 адам орналасып, жатын орынмен қамтамасыз етілді. Кейбір жолаушылар денсаулық жағдайына байланысты жедел жәрдем қызметімен аудандық ауруханаға жеткізіліп, тиісті медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі таңда жол бойындағы ахуал тұрақталып, қалыпты көлік қозғалысы орнады. Табиғат тосын мінез танытқанда қамқорлық жасап, жабырқаған жандарға суық күні жылулық сыйлаған жерлестеріме өз атымнан алғысымды білдіремін» - деді, Аманжол Сақыпұлы.
Осы ретте, төрт тәулік бойы табандылық пен адамгершілік үлгісін танытып, қолдау білдірген бірқатар азаматтар мен мекеме ұжымдары облыс және аудан әкімінің арнайы «Алғысымен» марапатталды.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі