Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі ауылдық округтердің тыныс-тіршілігімен танысты

Аудан әкімі ауылдық округтердің тыныс-тіршілігімен танысты

Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев ауданға қарасты Сапақ, Аралқұм және Ақирек ауылдық округтерінде болып, халықпен жүздесті.
Алдымен Сапақ ауылдық округіндегі медициналық бекеттің жұмысымен танысты. Бекетте бүгінде 4 маман халық денсаулығын нығайтуға қызмет етуде. Одан кейін елдімекендегі «Жадыра» балабақшасында болды. 2001 жылы салынып, 2009 жылы қайта жөндеуден өткен бұл нысанда бүгінде 25 ауыл бүлдіршіні білім алып, тәрбиеленуде.
Сапақ ауылдық округіндегі халықпен кездесу №69 орта мектебінде өтті. Білім беру ұйымында ардагерлермен кездесіп, ауылдағы өзекті мәселелерді талқылады. Аудан басшысымен жүздескен тұрғындар бұған дейін де қозғалып келе жатқан 2004 жылы асар әдісімен салынған мектептің орнына жаңа білім ошағын салу мәселесін ұсынды. Бұдан бөлек, жаңа медициналық бекет қажеттігі және Батыс Еуропа-Батыс Қытай автожолының бойындағы жолдың астынан мал өткізетін өткел салып беру туралы айтылды. Аудан әкімі ұсыныстардың назарға алынып, тиісті жұмыстар жасалатындығын білдірді.
«Қазіргі уақытта мемлекеттіміздің ұстанымы бірінші кезекте халықтың тұрмысына қажетті әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешу. Біз бұл бағыттағы шараларды кезең-кезеңімен жүргізетін боламыз. Өңірдегі қордаланған мәселелер таңсық емес. Жыл сайын айдынды өлкенің бюджеті артып келеді. Түрлі инвестициялық бастамалар қолға алынып, жасампаз жобалар іске асып жатқаны өздеріңізге белгілі. Мектеп мәселесі бойынша салалық басқармалар мен тиісті министрліктермен жұмыстарды жандандыратын боламыз. Батыс Еуропа Батыс Қытай автожолының бойында бірнеше елдімекен бар, мал өткеліне байланысты ұсыныс білдіріп жүр. Жолдың екінші бөлігін салу жобасы биыл басталуы мүмкін. Жоба жасаушыларға бұл жөнінде ескертіліп, тапсырылды. Электр желілілерін қайта жаңғырту жұмыстары да жүзеге асуда. Бүгінде Сексеуіл кентін газдандыру жалғасса, Қамыстыбас ауылдық округіне АГРС жобасы дайындалып, келесі жылы құрылыс жұмыстарын басталады деп күтудеміз. Осы жоба Сыр өңірінің барша халқының газдандыру мәселесін шешуге септігін тигізбек. Қазір жастарды қолдау бағытында елімізде түрлі жобалар жүзеге асырылуда, оның бірі «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Халық осындай жобалардың игілігін көру қажет. Елге болсын деген азаматтарды ауылды көркейтуге атсалысуға тартып, жобалар жасау керек. Оған бізден әрдайым қолдау болады» – деді аудан басшысы.
Одан соң Аралқұм ауылдық округінде болған аудан әкімі жергілікті дәрігерлік амбулатория нысанын көріп, №61 орта мектебі мен шағын орталығының сынып бөлмелерін аралап, жұмыс барысымен танысты. Мұнан кейін мектеп ғимаратында тұрғындардың ұсынысын тыңдады. Ауыл ардагерлері мен тұрғындар өңірдегі шешімін табуды қажет ететін мәселелерді аудан басшысының назарына ұсынды. Аралқұмдықтар жарықтандыру, ашық балалар ойын алаңын салу, Шөміш елдімекеніне дейінгі жолды жөндеу және елді-мекендегі электр жарығының мәселесін көтеріп, қызмет көрсету сапасы бойынша ұсыныстарын білдірді.
Аудан басшысы өз кезегінде көтерілген мәселелер бюджеттің заңдылығы мен мүмкіндіктеріне қарай ретімен шешілетінін айтты. Шөміш елдімекеніне дейінгі және Шөміш-Аралқұм бағытындағы жолға 1,9 млрд теңге құрайтын жоба жасалып, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын және жоба биыл басталатындығын түсіндірді. Электр жарығының мәселесіне сәйкес, тиісті бюджеттік өтінім берілгенін және электр бөлігін жергілікті бюджетке өткізу жұмыстары да жасалытынын жеткізді. Сондай-ақ, ауыл балаларына арнап ашық алаң салу да биыл жүзеге асатынын айтты.
Аудан әкімінің халықпен жүздесуі одан әрі Ақирек ауылдық округінде жалғасты. Алдымен аудан басшысы  «Қызғалдақ» балабақшасындағы балғын бүлдіршіндермен кездесті. Одан соң, ауылдағы фельдшерлік-акушерлік бекет пен кітапхана нысанын аралады. Жергілікті тұрғындармен өткен басқосуда Аманжол Сақыпұлы өңірде қордаланған мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін және елдімекендердің инфрақұрылымдық жағдайларын жақсарту мақсатында жүргізілетін жұмыстарды жеделдету үшін тиісті шараларды қолға алатынын айтты.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 
24 ақпан 2024 ж. 331 0