Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі елмен емен-жарқын жүздесті

Аудан әкімі елмен емен-жарқын жүздесті

Өткен аптада аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жұмыс сапарымен бірқатар ауылдық округтер мен Сексеуіл кентіне барды. Жергілікті халықтың тыныс-тіршілігімен танысқан аудан басшысы тұрғындарды жеке мәселесі бойынша да қабылдап, елдегі өзекті мәселеге мән берді.
Ең алдымен Сексеуіл кентіне барған Аманжол Сақыпұлы жергілікті жердегі өзекті деген бірқатар мәселелермен танысып өтті. Ондағы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер, теміржол және құрылыс алаңдарында болып, бүгінгі жай-күйін бағамдады. Елдімекен аумағындағы егін шаруашылығы үшін маңызды болып келген «Құмсай» бөгетінде болып, бөгеттің қазіргі күйіне куә болды. Мұнан әрі кенттегі құрылыс жұмысы тоқтап тұрған 40 төсектік аурухана және теміржолшыларға арналып салынған 2 пәтерлі 38 тұрғын үйдің жайын бағдарлады. Аталған ғимараттардың құрылысын толық аяқтау үшін жауапты сала басшыларына облыстық тиісті салалық басқармамен бірлесіп, толық зерделеп, қажетті қаржы көлемін анықтап, ұсынуды тапсырды.
Сапар барысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауданымызда білім беру саласындағы «Жайлы мектеп» пилоттық-ұлттық жобасы аясында басталғалы тұрған мектеп құрылысы алаңы да аудан әкімінің назарынан тыс қалған жоқ.Мердігер мекемеге 300 орындыққа арналған мектеп нысанын жаңа оқу жылына дейін аяқтау үшін жұмыс барысын жеделдетуді тапсырды. Айта кетейік, аталған бағдарлама аясында ауданда бой көтеретін 4 мектептің біреуі Сексеуіл кенті оқушылары үшін есік ашпақ.
Мұнан соң № 177 орта мектебіне барған Аманжол Сақыпұлы ғимарат жағдайымен мұқият танысты. Нысандағы спорт зал, асхана және сынып бөлмелерін аралап, білім ошағындағы білім беру процесін бақылады.
Одан әрі кенттегі жұмыс сапары 4 қабатты 48 пәтерге арналған көпқабатты тұрғын үй ғимараттың ағымдағы жағдайының мән-жайын бағамдаумен жалғасын тапты.
Қазіргі таңда Сексеуіл кентінде 91 адам тұрғын үй кезегіне тіркелген. Аманжол Сақыпұлы алдағы уақытта әлеуметтік осал топтағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған пәтерлерді елдімекендерден де салу туралы зерделенетіндігін айтты. Оған қоса, кент әкімі мен тиісті сала басшысына аталған тұрғын үйді модернизация бойынша күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндіктерін анықтауды тапсырды.
Аудан басшысы облыстық жедел медициналық көмек көрсету стансасына қарасты Сексеуіл жедел-жәрдем бөлімшесінің жұмысымен танысты. Тәулік бойы жедел медициналық көмек көрсететін бұл мекемеде 35 маман адам өмірін құтқаруды басты мақсат тұтып, күнделікті үзіліссіз шақырыстарға барып, тынбай қызмет етіп келеді. Аудан әкімі тұрғындардың жағдайын жасау басты назарда болуы керек екендігін айтып, «медицина қызметкерлері әрдайым жауапкершіліктің биік межесінен көрінуі тиіс» деді.
№20 Арал ауданының балалар және жасөспірімдер спорт мектебі балалардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік беріп отыр. Аталмыш нысанды аралаған аудан басшысы ғимараттың осыдан 6 жыл бұрын ғана пайдалануға берілгеніне қарамастан қабырғалардан су кету орын алғаны көңіл көншітпейтінін алға тартты. Осыған сәйкес, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына орай ауданнан арнайы комиссия құрып, құрылыс саласынан проблемалық кешендерді зерттеп, анықтауды тиісті мамандарға жүктеді.
Сонымен қатар аудан басшысы Сексеуіл ауылдық ауруханасына барып, ондағы ем алушылардың хал-жағдайымен, нысанның құрылымымен толықтай танысып шықты. Әрі қарай кенттегі теміржол вокзалына табан тіреген аудан басшысы нысанның іші-сыртын толық аралап көрді. Вокзал басшысы Оңғар Төлегенов теміржол торабының жұмыс ырғағын баяндап, жолаушыларға көрсетілетін қызметтер жайын кеңінен таныстырды. Бұдан бөлек кент орталығындағы «Керуен» сауда үйіне барды. 2 қабатты, 17 сауда орны бар дүкен ішін аралап, кәсіпкермен сұхбаттасты. Халықтың көп тұтынатын тауарының бағасын тұрақты ұстап тұру керектігі де әңгіме барысында ескерілді. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерге аудан басшысы сәттілік тіледі.
Аманжол Сақыпұлы кенттегі келесі назарға алған жері кентті газға қосу жұмыстары болды. Бүгінде кентте автоматтандырылған газ тарату станцияларының тағайындамасын орната отырып «Бейнеу – Шымкент» магистральды газ құбырынан бастап газ құбыры тармағын салу жобасы жүруде. Мердігер мекемеге аудан әкімі құрылыс жұмыстарын сапалы орындау мен техникалық талаптарды қатаң сақтауды тапсырды.
Жұмыс сапары барысында кент әкімі аппаратының және аудандық полиция бөлімінің тірек пунктінің жұмысы назардан тыс қалмады. Тірек пунктіндегі жұмыс реттілігіне қаныққан аудан әкімі қызметкерлермен жүздесіп, кентішілік тәртіп пен тазалыққа баса назар аударуды тапсырды. Әкімшілік ғимаратында аудан басшысы кент тұрғындарын жекелеген мәселелері бойынша қабылдап, жауапты сала басшыларына тұрғындар өтінішін аяқсыз қалдырмай, заң аясында мәселелерді шешуде барша мүмкіндіктерді қарастыруды міндеттеді. Келген азаматтар көбіне жұмысқа орналасу, баспана алу мәселелері бойынша жүгінді.
Жұмыс сапарының соңында аудан басшысы «Алма-Рай» жеке балабақшасы, «Қамқор локомотив» жөндеу депосы және №283 орта мектептеріне ат басын бұрып, мекемелердің бүгінгі тынысымен танысып өтті.
Кенттегі елдің жайымен танысқан аудан әкімі араға бірнеше күн салып Сапақ, Аралқұм,Ақирек ауылдық округтерінде болып, халықпен жүздесті.Алдымен Сапақ ауылдық округіндегі медициналық бекеттің жұмысымен танысты. Бекетте бүгінде 4 маман халық денсаулығын нығайтуға қызмет етуде. Сондай-ақ елдімекендегі 2001 жылы салынып, 2009 жылы қайта жөндеуден өткен «Жадыра» балабақшасында бүгінде 25 бүлдіршін тәрбиеленуде. Аудан әкімінің Сапақ ауылдық округіндегі халықпен кездесуі №69 орта мектебінде өтті. Білім беру ұйымында ардагерлермен кездесіп, ауылдағы өзекті мәселелерді талқылады. Аудан басшысымен жүздескен тұрғындар бұған дейін де қозғалып келе жатқан 2004 жылы асар әдісімен салынған мектептің орнына жаңа білім ошағын салу мәселесін ұсынды. Бұдан бөлек, жаңа медициналық бекет қажеттігі және Батыс Еуропа-Батыс Қытай автожолының бойындағы жолдың астынан мал өткелін салып беру туралы ұсыныстарын айтты. Аудан әкімі ұсыныстардың назарға алынып, тиісті жұмыстар жасалатындығын жеткізді.
– Қазіргі уақытта мемлекеттіміздің ұстанымы бірінші кезекте халықтың тұрмысына қажетті әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешу. Біз бұл бағыттағы шараларды кезең-кезеңімен жүргізетін боламыз. Өңірдегі қордаланған мәселелер таңсық емес. Жыл сайын айдынды өлкенің бюджеті артып келеді. Түрлі инвестициялық бастамалар қолға алынып, жасампаз жобалар іске асып жатқаны өздеріңізге белгілі. Мектеп мәселесі бойынша салалық басқармалар мен тиісті министрліктермен жұмыстарды жандандыратын боламыз. Батыс Еуропа-Батыс Қытай автожолының бойында бірнеше елдімекен бар, мал өткеліне байланысты ұсыныс білдіріп жүр. Жолдың екінші бөлігін салу жобасы биыл басталуы мүмкін. Жоба жасаушыларға бұл жөнінде ескертіліп, тапсырылды. Электр желілілерін қайта жаңғырту жұмыстары да жүзеге асуда. Бүгінде Сексеуіл кентін газдандыру жалғасса, Қамыстыбас ауылдық округіне АГРС жобасы дайындалып, келесі жылы құрылыс жұмыстары басталады деп күтудеміз. Осы жоба Сыр өңірінің барша халқының газдандыру мәселесін шешуге септігін тигізбек. Қазір жастарды қолдау бағытында елімізде түрлі жобалар жүзеге асырылуда, оның бірі «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Халық осындай жобалардың игілігін көру қажет. Елге болсын деген азаматтарды ауылды көркейтуге атсалысуға тартып, жобалар жасау керек. Оған бізден әрдайым қолдау болады, – деді аудан басшысы.
Одан соң Аралқұм ауылдық округінде болған аудан әкімі жергілікті дәрігерлік амбулатория нысанын көріп, №61 орта мектебі мен шағын орталығының сынып бөлмелерін аралап, жұмыс барысымен танысты. Мұнан кейін мектеп ғимаратында тұрғындардың ұсынысын тыңдады. Ауыл ардагерлері мен тұрғындар өңірдегі шешімін табуды қажет ететін мәселелерді аудан басшысының назарына ұсынды. Аралқұмдықтар жарықтандыру, ашық балалар ойын алаңын салу, Шөміш елдімекеніне дейінгі жолды жөндеу және елді-мекендегі электр жарығының мәселесін көтеріп, қызмет көрсету сапасы бойынша ұсыныстарын білдірді.
Аудан басшысы өз кезегінде көтерілген мәселелер бюджеттің заңдылығы мен мүмкіндіктеріне қарай ретімен шешілетінін айтты. Шөміш елдімекеніне дейінгі және Шөміш-Аралқұм бағытындағы жолға 1,9 млрд теңге құрайтын жоба жасалып, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын және жоба биыл басталатындығын түсіндірді. Электр жарығының мәселесіне сәйкес тиісті бюджеттік өтінім берілгенін және электр бөлігін жергілікті бюджетке өткізу жұмыстары да жасалатынын жеткізді. Сондай-ақ ауыл балаларына арнап ашық алаң салу да биыл жүзеге асатынын айтты.
Аудан әкімінің халықпен жүздесуі одан әрі Ақирек ауылдық округінде жалғасты. Алдымен аудан басшысы «Қызғалдақ» балабақшасындағы балғын бүлдіршіндермен кездесті. Одан соңауылдағы фельдшерлік-акушерлік бекет пен кітапхана нысанын аралады. Жергілікті тұрғындармен өткен басқосуда Аманжол Сақыпұлы өңірде қордаланған мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін және елдімекендердің инфрақұрылымдық жағдайларын жақсарту мақсатында жүргізілетін жұмыстарды жеделдету үшін тиісті шараларды қолға алатынын айтты.

«Толқын» ақпарат

27 ақпан 2024 ж. 234 0