Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көше болып Наурыз мерекесін тойлады

Көше болып Наурыз мерекесін тойлады

Ұлыстың ұлы күнін кең көлемде атап өткен исі қазақ баласы жуырда ғана Атырауда болған құрылтайдан үлкен серпін алып, Мемлекет басшысының ұлттық құндылықты ұлықтаудағы тың бастамалары еліміз бойынша жер-жерде қолдау тапқаны баршаға аян. Оның нақты көрінісі облыс пен аудан, онан қалды көшелерде кеңінен ұйымдастырылған мерекелік шаралар.
Күн мен түн теңескен 22 наурызда автобаз мөлтек ауданы жанындағы Жұпан Тәжімбетов көшесінің тұрғындары да жыл басы саналатын ерекше мейрамда қалыс қалмады. Мұнда түрлі саланың майталмандары еңбек етуде. Бәрі «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» білді. Көше тұрғыны Рүстем Шүреновтың бастамасымен және көше комитетінің төрағасы Жәнет Жамековтің атсалысқан іске осы үйлер тізбегінде өсіп-өнген азаматтар қолдау танытты. «Қош келдің, Әз-Наурыз» атты іс-шара әзірлеп, оны жоғары деңгейде өткеріп шықты. Бір айта кетерлігі, көше тұрғындары қолға алған баянды бастамаға Ұлы Отан соғысының ардагері Жұпан Тәжімбетовтің, яғни, көше есімін еншілеген майдангердің 88 жастағы жұбайы Қымбат Бахрадинованың да келіп, жолдасының рухын жаңғыртқан қауымның жанынан табылуы тіптен керемет әсер сыйлады.
Көшеге енсең құдды бір тойдың үстінен түскендей боласың. Анау тұста дәмі тіл үйірер қазан толы көже әзірленіп, енді анау жерде буы бұрқыраған күйі ет тартылып жатыр. Жиналғандардың да қуанышы ерекше. Бозбала мен бойжеткен Алтыбақанда тербеліп, үстеріне қазақы киім киген келіншектер ас мәзірін әзірлеу үстінде. Баланы бесікке салу, тұсаукесер дәстүрлері де осы жерде жаңғыруда. Тепсе темір үзетін жігіттер өзара сайысқа түсіп, батпан көтеруде кім мықты екенін анықтаса, асық атуда дөп тигізен жеткіншектер дараланды. Ең қызығы әйелдер арасындағы қол күресі еді. Тәуекел еткен нәзік жандылар білектің күшін қаншалықты қауқарлы екенін дәлелдей алды.
Ауыл ақсақалы Әбілбай Садықбаев, Әнес Әуезов, Маханов Рысқали, Жайшылық Елешов, Әділбек Дәрмағамбетов сынды алдыңғы буын ағалар мұндай үрдістің көшеде орын алғанын жақсылықтың нышанына балап, әсіресе, осы көше тұсында темір жол үстінен аспалы көпір тұрғызып жатқан мердігер Сергей Александровичке шексіз қолдаулары үшін риясыз пейілмен алғыстарын жеткізді.
Шара аясында қала әкімі Батыржан Ұзақов тақтайдай тегіс жолы, самаладай жарық шамы бар көше тұрғындарының қуанышына куә болып, жиналған жұртты мерекелерімен құттықтап, лебізін білдірді. Рамазан айымен сабақтасқан дастарқан арты ораза тұтқан үлкен-кішіге арнап берілген ауызашарға ұласты.

А.ЖАЙШЫЛЫҚ
22 наурыз 2024 ж. 422 0