Теңіз табанына сексеуіл егілуде
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, Экология және табиғи ресурстар бірінші вице-министрі Нұркен Шарбиевпен бірге Арал, Қазалы аудандарына іссапармен барып, Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы сексеуіл егу жұмыстарымен танысты.
Іссапар барысында аймақ басшысы бастаған делегация теңіздің құрғаған ұлтанының орамдарын әуеден бақылап, содан кейін сексеуіл көшеттерін отырғызды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 1,1 млн гектар сексеуіл екпелерін егу кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, республикалық және облыстық бюджет есебінен 2021 жылы 101 мың гектар, 2022 жылы 250 мың гектар, 2023 жылы 193,2 мың гектар жерге фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізілді. 2024-2025 жылдар аралығында 556,2 мың гектар жерге осындай жұмыстар жүргізу жоспарлануда. Бүгінде құрғаған ұлтанның 51,6 мың гектарына 15,3 млн дана көшет отырғызылды.
Орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін облыс әкімінің тапсырмасымен облыстық бюджеттен 1,8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Сондай-ақ теңіз табанындағы 150 мың гектар жердің топырағын зерттеу және жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 58,4 млн теңге бағытталды. Күз мезгілінде 50 мың гектар жерге сексеуіл тұқымын себу үшін 180 тонна орман ағаштарының тұқымы жиналады.
Аралдың экологиялық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарға инвесторларды тарту жүйелі жүргізілуде. Өңір үшін маңызды мәселемен белгілі кәсіпкер, меценат Т.Турлов арнайы танысып, 2 млн. АҚШ долларын бөлу туралы шешім қабылдады. Іссапар барысындағы келіссөздер нәтижесінде бұл бағыттағы жұмыстарға «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ да 500 млн теңге бөлетін болды.
Алдағы аптада 20 елдің Қазақстан Республикасындағы елшілері Арал ауданына арнайы келеді. Елшілер өз кезегінде аймақтың экологиялық мәселелерімен танысып, оны жақсартуға инвестиция тарту бағытында жұмыс жасайтын болады.
Жалпы құрғаған ұлтанға сексеуіл егу тәжірибесі білікті мамандар тарапынан қолдау тапты. Себебі сексеуіл құрғақшылыққа төзімді, ол өсетін жерде табиғаттың тепе-теңдігі сақталып, құм мен тұз көшпейді. Мәліметтерге қарағанда, бір түп сексеуіл шамамен 6-8 тоннадай құмды ұстап қалады.
Биыл еліміз Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етуде. Теңіздің кепкен табанына өскіндер егу мәселесін аймақ басшысы тұрақты бақылауына алып, бұл ортақ іске кәсіпкерлерді де жұмылдыруда.
Қазалыдағы тұқымбақ құрылысымен танысты
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, Экология және табиғи ресурстар бірінші вице-министрі Нұркен Шарбиевпен бірге Қазалы қаласындағы тұрақты орман тұқымбағының құрылысымен танысты.
Нысан құрылысы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті тапсырысымен жүргізілуде. «Еңбек» ЖШС мердігерлігімен жүзеге асырылып жатқан жобаның құны 518,6 млн теңгені құрайды. Жұмыс 2023 жылдың қыркүйек айында басталған, шілде айында аяқталады деп жоспарлануда.
Тұқымбақтың аумағы – 33 гектар. Мұнда көшеттер егіліп, Аралдың кепкен табанында атқарылатын жұмыстарға сексеуіл, басқа да өскіндер дайындалады. Көшеттерді суаруда арнайы технология қолданылады.
Құрылыс барысымен танысқан аймақ басшысы және лауазымды тұлғалар тұқымбақ аумағына сексеуіл көшеттерін отырғызды.
Іссапар барысында Экология және табиғи ресурстар бірінші вице-министріне бірқатар өзекті мәселелер жеткізілді. Орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын өсіру, өртті ерте анықтайтын құрылғы сатып алу, өзге де маңызды түйткілдер айтылды.
Еске салсақ, Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Абай облысындағы орман өртін жою және орман шаруашылығы ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыру мәселелері талқыланған жиналыста бірқатар тапсырма берілген болатын. Олар – орман мекемелерін материалдық-техникалық жарақтандыру, материалдық қамтамасыз етілуіне толық түгендеу жүргізу, тиісті бюджеттік өтінімдер дайындау және жіберу, пилотсыз ұшу аппараттарын сатып алу, өртті ерте анықтау жүйелерін орнату үшін қажетті шаралар қабылдау және т.б. Осы орайда облыс әкімінің тапсырмасымен орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін жергілікті бюджеттен 1,8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Облыс аумағында мемлекеттік орман қоры жерінің жалпы көлемі – 7 млн гектар, оның 3,8 млн гектары – орманды алқаптар. Қызылорда орман шаруашылығы мекемесіне қарасты жер көлемі – 838022 гектар, оның ішінде орманды жер – 707613 гектар. Мекеме өрттің алдын алу, дер кезінде байқап, жою жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады. Мемлекеттік орман қоры аумағындағы жұмысшылардың, онда орналасқан ұйымдардың, жеке тұлғалардың өрт қауіпсіздігі, санитарлық ережелерді сақтауын қамтамасыз етеді. Қызылорда орман шаруашылығы мекемесіне шөлді сексеуілді және тоғайлы аумақтар тиесілі. Шөлді аймақтың климаты күрт континентальді, жазы өте ыстық, температура + 48, оның үстіне құрғақ болғандықтан, өрт қаупі жоғары. Аумақ өте жоғары табиғи өрт қаупі класына жатады.
Осы орайда, «Ақтөбе» және «Тартоғай» орманшылығына өртті ерте анықтайтын 2 құрылғы сатып алуға республикалық бюджеттен 552,2 млн теңге бөлу мәселесі көтерілді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі: syrboyi.kz
Фото: ашық дереккөз