Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сексеуілді алқаптың ауқымы кеңейеді

Сексеуілді алқаптың ауқымы кеңейеді

Жылдар бойғы жұмыстар нәти­жесінде Арал табанынан құм мен тұз суырылған кешегі кездер де ұмыт болуға айналды. Бүгін­де кепкен теңіз ұлтанында мил­лион­даған сексеуіл көшеті бой көте­ріп келеді. Осынау тындырымды тірлік Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбек­станға ресми сапары барысында сөз болып, көрші елмен бірге өңір­дегі эколо­гиялық жағдайды жақ­сарту мақ­сатында бірлескен іс-ша­ралар­ды қолға алу, оның ішінде Арал теңі­зінің түбіне ағаш отырғызу қажеттігі ерекше аталды.

2021 жылы Мемлекет басшысы 5 жыл ішінде 2 млрд ағаш отырғызуды тапсырған еді. Сол жылдан бастап 2023 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған түбіндегі 544,5 мың аумақта орман мелиорациялық жұмыстар орындалды. Мұның ішінде 2083,4 тонна сексеуіл (галофит) тұқымы және 25,8 млн сексеуіл тұқымы егілді.

Бұл жұмыстарды Қызылорда облысының әкімдігімен қатар Экология және табиғи ресурстар министрлігі бақылауына алып, біраз шаруа атқарылып жатыр. Атап айтқанда, 2021 жылы 101,1 мың га жерге ағаш отырғызылса, соның 37,1 мың гектарын облыс әкімдігі, 64 мың гектарын министрлік атқарды. Осылайша, 2022 жылы бөлінген қаражат аясында 250 мың га жерге (облыс әкімдігі – 95,5 мың га, министрлік – 154,5 мың га), 2023 жылы 193,4 мың га жерге (облыс әкімдігі – 100 мың га, министрлік – 93,4 мың га) ағаш отырғызылды. Ал биыл 275 мың га алқапқа көшет егу жұмыстары жоспарланған. Мұның 100 мың гектарындағы жұмыс облыс әкімдігіне, 175 мың гектары министрлікке тиесілі. Бұл ретте көктемгі жұмыстарға 65 мың га, күзгі орман отырғызуға 210 мың га қарастырылған. Қазіргі уақытта жоспарланған көлемнің 30 мың гектары іске асты. Бұл жұмыстар 10 сәуірге дейін толығымен аяқталады.
Өткен аптада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Экология және табиғи ресурстар бірінші вице-министрі Нұркен Шар­биев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бас­қарма төрағасы Мағзұм Мыр­зағалиев Арал, Қазалы аудандарына сапарлап, орманшылар жұмыстарымен танысты. Олар әуелі теңіз ұл­танындағы жұмысты әуеден ба­қы­лап, содан кейін сексеуіл кө­шеттерін отырғызды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов фи­тоорманмелиорациялық жұ­мыс барысын айтып өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен теңіз табанындағы 1,1 млн гектарға сексеуіл егу кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Республикалық және облыстық бюджет есебінен 2021 жылы – 101 мың гектар, одан кейінгі жылы – 250 мың гектар, былтыр 193,2 мың гектар жерге фитоорманмелиорациялық жұмыс жүргізілген. Алда 556,2 мың гектарға сексеуіл егу жос­пар­ланып отыр. Бүгінге дейін құр­ғаған ұлтанға 15,3 млн көшет отыр­ғызылған.

Осы бағытта жұмысты жүйе­леген орман шаруашылығы меке­мелерінің материалдық-тех­ни­калық базасын нығайту үшін об­лыстық бюджеттен 1,8 млрд тең­геге жуық қаржы бөлінді. Теңіз табанындағы 150 мың гектар жердің топырағын зерттеу және жобалауға облыстық бюджеттен 58,4 млн теңге қаралған. Күзде 50 мың гектар жерге сексеуіл тұқымын себу үшін 180 тонна тұқым жиналады.

Жалпы, Аралдың экологиялық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарға инвестор тарту да нәтижесіз емес. Белгілі кәсіп­кер, меценат Тимур Турлов бұл бағыт­тағы жұмысқа 2 млн доллар бөлу туралы шешім қабыл­дады. Ал осы сапар барысындағы ке­лісімге сәйкес «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниясы да 500 млн теңге бө­летін болды.

Алдағы аптада 20 мемлекеттің Қазақстандағы Төтенше және өкі­летті елшілері Арал ауданына келмек. Олар аймақтың экологиялық мәселелерімен жіті танысып, оны жақсартуға инвес­тиция тарту бағытында жұмыс жасайды. Жалпы, құрғаған ұлтанға сексеуіл егу тәжірибесі білікті мамандар тарапынан қолдау тауып отыр. Шөл даланың шынарындай сексеуіл табиғаттың тепе-теңдігін сақтап, құм мен тұздың көшуін тежейді.

Сапар барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Экология және табиғи ресурстар бірінші вице-министрі Нұркен Шарбиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Қа­залы қаласындағы тұрақты орман тұқымбағының құрылысымен де танысты.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің тапсырысымен «Еңбек» ЖШС салып жатқан құрылыс құны – 518,6 млн теңге. Тұқымбақтағы 33 гек­тарға Аралдың ұлтанына егіле­тін көшеттер дайындалады.

Сапар барысында Экология және табиғи ресурстар министрі­нің бірінші орынбасарына орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын өсіру, өртті ерте анық­тай­­тын құрылғы қажеттігі айтылды.

Облыс аумағында 7 млн гектар мемлекеттік орман қоры бар, оның 3,8 млн гектары – орманды алқап. Қызылорда орман шаруашылығы мекемесіне қарасты жер көлемі 838 022 гектар болса, оның 707 613 гектары – орманды жер. Мекеме өрттің алдын алу, жою бағытындағы іс-шараларды ұйымдастырып, мемле­кеттік орман қоры аума­ғындағы жұмысшылардың, онда орналасқан ұйымдардың, жеке тұлғалардың өрт қауіпсіздігі, санитарлық ережелерді сақтауын қамтамасыз етеді.

Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ

Ақпарат көзі: egemen.kz
Сурет: ашық дереккөз 
09 сәуір 2024 ж. 198 0