Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Qazaqstan дауысы. Балалар» жобасының жұлдызы

«Qazaqstan дауысы. Балалар» жобасының жұлдызы

«Судың сүзілмейтіні, өнердің үзілмейтіні»секілді қазақтың қай өнерін болса да ғасырдан-ғасырға жеткізіп, мерейін асырып, төл өнерімізді төрге оздырып отырған баршаға үлгі боларлық жандар аз емес. Қазақ халқы қашанда жақсы жарымен, жақсы атымен және жақсы баласымен мақтанған емес пе?! Бала дегеніміз – ол біздің болашағымыз әрі айнамыз.Осы ретте, «өнерлі бала сүйкімді» демекші, Хабибулла Қыдыралиев киелі сахна төрінде ән шырқап, көпшілікке өз өнерін паш етіп жүрген жайы бар. Яғни бүгінгі біз сөз еткелі отырған жас өнерпазауылдың, ауданның ғана емес, облыс мақтанышы.
Бірнеше жылдан бері Республика көлемінде ұйымдастырылатын «Qazaqstan дауысы. Балалар» жобасы бүгінде көпшілікке танымал әрі сүйікті бағдарлама. Онда әр жанның өз қатысушысы бар. Баланың өнеріне тамсанып, оған шын ниетпен жанкүйер болатын жандар аз емес. Осыдан біраз бұрын біздің ауданның да жанын сала жанкүйерлік еткен қатысушысы Хабибулла болған еді.
Хабибулла Қарақұм елдімекенінде өнерлі отбасында дүниеге келген.Отбасының кенжесі болса да мінезі жұмсақ, үлкеннің тәрбиесін көрген, қарапайым ғана бозбала 5 жасынан бастап әншілік өнермен айналысады. Бастапқыда арнайы мақсат, арман қоймай бастауын алған әкеден дарыған бұл өнер түбінде өзін көрсетпей қоймады. Отбасындағы, әулетіндегі әншілік өнерді дәріптеп жүрген жандардың үлкен ықпалы болғанын жас дарынның өзі де жоққа шығармайды.
– Жалпы әулетіміз өнерге өте жақын. Әкем де, оның бауырлары да жастайынан ән айтқан. Ал немере ағам Кеңес Әлімжанның бүгінде Қазақстанға танымал әндері бар. Ол кісілердің ықпалы көп болды деп айта аламын. Өзім арнайы вокалдан сабақ алмасам да туыстарымның, ата-анамның осы жолда бетімді қақпай, керісінше, үнемі мені қолдап, барын үйреткеніне рақмет айтамын.
Әншілік өнерде алғашқы қадамды мектептегі іс-шараларда бастаған болатынмын. Ауылдағы мектепте музыка пәнінен сабақ берген Ақжанов Бақыт ағай мен Ақжанова Үміт апайдың көмегімен вокалдық біліммен сусындадым. Сол кісілердің арқасында қызығушылығым оянып түрлі аспапта ойнауды да үйрендім, тіпті үйімдегі бір бөлмені арнайы дайындап, аспаптар, дыбыс жазатын құрылғылар мен кәсіби микрофон тұратындай жағдай жасадым, – дейді Хабибулла Шарапатұлы.
«Qazaqstan дауысы. Балалар» жобасын алғаш 2022 жылы әпкесі Ағия көріп, інісінің қатысып көруіне ұсыныс тастапты. Іріктеу үшін арнайы видео жолдап, қабылданғаннан кейін Астана қаласына кастингке барып, Дастан Оразбековтің тобына қабылданады.
– Жоба Астана қаласында наурыз айында басталды. Наурыз – мамыр айларында тәтеммен бірге сол қалада болдым. Жобаның 2-ші кезеңінен кейін, өкінішке орай, жолым болмай, жобадан шығып кеттім. Оған ешқандай өкінішім жоқ. Жалпы өзімнің әншілік қырымды шыңдауға, шамамды біліп, жіберген қателеріммен жұмыс істеуге үлкен сабақ болды, – дейді жас талант.
Хабибулладан бұл жобадан кейінгі әсерімен бөлісуді сұрағанда:
– Жобаға дейін де түрлі байқауларға қатысып, жүлделі оралатынмын. Оның ішінде ең үлкені Ташкент қаласындағы халықаралық байқау болатын. Дегенмен сол уақытта өткен карантинге байланысты қатыса алмадым. Ал жоба маған кішігірім танымалдылық әкелді. Одан кейін Алматы қаласында өткен «Бозторғай 25» байқауында супер гран-при жеңіп алдым – деді.
Бүгінде Хабибулла Қыдыралеев Алматы қаласындағы Чайковский атындағы музыкалық колледждің 1-курс студенті. Қазір де өнер жолындағы бозбала жақында Төреғали Төреәлінің жеке концертінде өнер көрсетсе, өткен жылы «Жібек Жолы» телеканалының «Төрлетіңіз» бағдарламасына қонақ болды.
«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деп қазақ атам бекер айтпаса керек. Кішкентай ғана ауылда туып, ата-анасының, ұстаздарының қолдауымен осындай жетістікке жеткен ол, расымен де, біздің мақтанышымыз. Хабибулла Шарапатұлына тек болашақта да осы қарапайымдылықтан таймай, өнерінің өрге жүзуін тілейміз.
Г. САҚТАПОВА
16 сәуір 2024 ж. 336 0