Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әскери қызметкерлер балаларға қуаныш сыйлады

Әскери қызметкерлер балаларға қуаныш сыйлады

Соңғы уақыттағы елімізде орын алған төтенше жағдайдың салдарынан мектеп оқушылары оқу тоқсанында білім алудан шеттеп қалғандығы белгілі. Топан судың салдарынан үй-күйсіз қалған батыстағы ағайынның қазіргі ең бірінші уайымы бастың амандығы мен бауырдың бүтіндігі.Бұл ретте аралдықтар өздерінің елмен бірге екендіктерін танытып көмек қолын созып жатқандығын ұдайы назарға алып келеміз. Осы игі іс Батыс Қазақстан облысының бір топ оқушыларын өңірдегі «Қамбаш» олимпиадалық және қосымша білім беру орталғына оналастырып оларға қызықты күндер сыйлаумен жалғасын тапты. Арал халқы мұндағы оқушыларға бауырмалдылық танытып, өз көмектерін көрсетуде. Солардың бірі аудан аумағында орналасқан 10216 –Ж әскери бөлімшесі мен 55652 әскери бөлімінің авиация бағыттау пунктінің қызметкерлері оқушыларға барып, қуаныш сыйлап қайтты.
Қазақ қашанда кеңпейіл, қонағын Құдайындай көрген халық. Ауылға ат басын тіреген әрбір мейманның алдына асын қойып, ерекше құрмет танытқан. Ата дәстүр Арал халқының салт санасында әліде жаңғырып тұр. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қарт сәлем береді» деген тәмсіл сөздің дәлеліндей, әскери қызметкерлер қиын жағдайға тап болып, жабырқап жүрген бүлдіршіндердің жағдайын біліп, оларға сыйлық табыстап, шадыман шаттық сыйлаған.
– Игі іске атсалысып, ел басына күн туған шақта алдыңғы қатарда болу әскери қызметкерлердің басты міндеті. Осыған орай біз ауданымызға келген қонақ оқушыларға барынша көмек көрсеткіміз келді. Демалыс күндері сонда арнайы барып, оқушыларға материалдық көмекпен бірге рухани қолдау көрсетіп қайттық. Табиғи апат салдарынан туған ел мен туыстан жырақта жүрген оқушыларды бауырға тартып, жәрдемші болу азаматтық болышымыз деп білемін. Бұл тұста әскери қызметкерлер әрдайым көмекке дайын, – дейді 10216 – Ж әскери бөлім колмандирі майор Бүркіт Еселбаев.
10216-Ж әскери бөлімі және55652 а/б авиация бағыттау пунктінің қызметкерлері БҚО-нан келген қонақ балаларымызға тосыннан сый жасады. Ел амандығын кірпік қақпай күзетіп жүрген әскери мамандар оқушыларға қажетті киім-кешектер мен жеміс-жидектерін ұсынған. Тәтті сусындар таратып, топ ішіндегі балалардың туған күніне торттарын тарту еткен. Сондай-ақ әскери өмірдің қандай болатындығын әңгімелеп, балалармен емен-жарқын сұхбат құрды. Ал жауапкершілігі жоғары мамандықтың қыр-сырына қанық болған қонақ оқушылар, ағаларына алғаусыз алғыстарын білдіріп, ризашылықтарын жеткізді.
Н. МАРАТ
23 сәуір 2024 ж. 225 0