Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал қаласының бас жоспарына түзету енгізу бойынша жұмысшы топ отырысы өтті

Арал қаласының бас жоспарына түзету енгізу бойынша жұмысшы топ отырысы өтті

Кеше аудан әкімінің орынбасары Е. Әбішевтің төрағалығымен Арал қаласының бас жоспарына түзету енгізу мәселелері талқыланды.
Жиынға мекеме, кәсіпорын және коммуналдық сала басшылары, тиісті дербес бөлім басшылары, қала әкімі аппаратының жауапты қызметкерлері, бас жоспарды әзірлеуші жобалаушы мекеме өкілдері қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Арал қаласының 2008 жылы әзірленген бас жоспарының бүгінгі күні талапқа сай келмейтіндігін айтып өтті. Соған сәйкес қаланың бас жоспарына түзету енгізу мақсатында облыстық бюджеттен қаржы қаралып, жобалаушы мердігер мекеме анықталған.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша алдымен аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ұзақов Тойбазар хабарлама жасап, Арал қаласының бас жоспарының даму бағытымен таныстырып өтті.
Жаңа жоспарға сәйкес Арал қаласы аумағын "Батыс Қытай-Батыс Еуропа" автожолы бойымен солтүстік-батысқа және солтүстік-шығысқа ұлғайту жоспарлануда. Қазіргі таңда қаладағы қолданыстағы нысандар мен инженерлік жүйелерге тиісті зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Қала шекарасының кеңейіп, жаңа мөлтек аудандардың ашылуы жер кезектілігіндегі мәселелердің шешілуіне оң ықпалын тигізетіндігіне, бас жоспарға кәріз және аяқ су желілері енгізілетіні айтылды.
Бас жоспарға түзету енгізу барысында қаладағы қорымдар біркелкі қоршау ұсынылып, алдағы уақытта жаңа бейіттерді орналастыру үшін қала сыртынан арнайы орын белгіленетін болады.
Осыған орай, Арал қаласынан жер телімдеріне қосымша жер беру уақытша тоқтатылатын болып шешілді.
Жиын барысында жаңа аумақты коммуналдық қызметтермен және әлеуметтік нысандармен қамту бойынша тиісті сала мамандары мен бөлім басшыларының ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Жоба әзірлеу барысында барлық ұсыныстар басшылыққа алынатын болады.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
25 сәуір 2024 ж. 261 0