Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірлік мерекесіндегі басқосу

Бірлік мерекесіндегі басқосу

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай аудандағы этнос өкілдерімен және су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек жөнелтуге атсалысқан еріктілермен кездесу өтті.
Жиынға аудан ардагерлері, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен волонтерлар, БАҚ өкілдері қатысты.
Алқалы жиында сөз алған аудан әкімі А. Оңғарбаев: -«Баршаңызды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтаймын. Халқымыз үшін бұл мерекенің орны ерекше. «Ынтымақты ел – ырысты ел» дейді даналарымыз. Бүгінде этнос өкілдері жергілікті халықпен бірге тату-тәтті өмір сүруде. Табиғи апаттың салдарымен күреске аралдық азаматтар да атсалысуда. Қазір төтенше жағдайлар бөлімінің 42 қызметкері мен 8 техника Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында су басқан өңірлерді қалпына келтіру үшін жұмыс жасауда. Батыс Қазақстан өңірінен келген 103 оқушы мен 10 жетекшісі «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығына орналастырылып, 5 мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Сабақтарын дәстүрлі түрде жалғастырды. Ауданымыздың ерікті тұрғындары, қоғам белсенділері, меценат-кәсіпкерлер, белсенді жастар, қайырымды іске ұйытқы болып, гуманитарлық көмек жөнелтті. Мұндай игі бастамалар Арал қаласы, Сексеуіл, Жақсықылыш кенттерімен бірге бірнеше ауылдық округтерде ұйымдастырылды. Сауапты іске атсалысып, көмек қолын созған барлық азаматтарға алғысымды білдіремін! Елімізде әрқашан бейбітшілік пен келісім, достық пен сенім орнасын.»-деп ізгі лебізін жеткізді.
Мұнан соң аудандық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оспанов Нұралы сөз алып, этнос өкілдерінің ауданның дамуы жолында еңбектері зор екендігіне тоқталып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Кездесу барысында молдаван ұлтының Виктор Чумаш өзінің жергілікті халықпен дос-туыс боп араласып кеткенін айтып, аралдықтарға ризашылығын жеткізді.
Сонымен қатар, Сексеуіл кентінің тұрығыны Батыс аймақтарға гуманитарлық көмек жөнелтуді үйлестірушілердің бірі, қоғам белсендісі Б.Ізбасаров қатысушыларды мерекемен құттықтап, қайырымды іске үлес қосқан барлық тұрғындарға ризашылығын білдірді.
Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай ұйымдастырылған шарада су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек жөнелту шараларын ұйымдастырып, азаматтық белсенділік танытқан кент және ауылдық округтердегі еріктілер мен батысқазақстандық оқушыларға тәлім-тәрбие берген ұстаздар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Т. КИІКБАЕВ
03 мамыр 2024 ж. 223 0