Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елдіктің айшықты көрінісі

Елдіктің айшықты көрінісі

Еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі ретінде Мемлекеттік рәміздердің алатын ерекше. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.
Мемлекеттік рәміздерсіз тәуелсіз ел болмайды. Қазақстан да өз егемендігін жария¬лаған кезде оны ең алдымен тәуелсіз елдің саяси мәртебесін білдіретін Тәуелсіздік декларациясын қабылдау арқылы бекітті. Осыдан кейінгі басты мәселе мемлекеттік рәміздерді қабылдау болды. Еліміз¬дің тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Ал Әнұран мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілген еді.
Еліміз үшін мемлекеттік рәміз¬дер¬ді қабылдау расында да жеңіл бола қойған жоқ. Тиісті мемле¬кеттік органдар мен мекемелер аса жауапты істі жан-жақты ізде¬ніс¬пен, мұқият дайындықпен қолға алды. Алдымен 1992 жыл¬дың басында Жоғарғы Кеңестің төрал¬қасы мемлекеттік символи¬каны дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабыл¬дады. Осы құжатқа сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына бел¬гілі заңгерлер мен қоғам қайрат¬керлері кірді.
Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларын жасауға жарияланған конкурсқа 600-ден астам адам қатысқан екен. Мемлекеттік ту эскиздері бейнеленген 1200шығармашылық еңбектері, болашақ Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі және Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылыпты.
Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді.
Арал ауданында да елдігімізді айқындайтын ерекше нышандарды ұлықтау жоғары деңгейде жүргізіліп келеді. Оған дәлел, 2018 жылы Арал қаласынан «Рәміздер алаңының» ашылуы. Тәуелсіздігіміздің басты нышаны саналатын «Рәміздер алаңының» жалпы аумағы 8000 м2 құрайды.Онда Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Гимн және биіктігі 20 метрлік қасиетті Мемлекеттік Ту орналастырылған. Жаңа нысанда көпшіліктің демалысы үшін бар жағдай жасалған. Мұндағы көк байрақтың биіктігі 20 метр болуы бас қаламыз Астана қаласының 20 жылдығына арналған.
Қазіргі таңда Рәміздер балабақшаларда, мектептер мен жоғары оқу орындарында, мемлекеттік мекемелердің ғимараттарында да көрнекті орындарға орналастырылған. Және жергілікті балабақшалар мен мекептерде таңеретең жастарға оң қолының алақанын жүрек тұсына Әнұранды шырқауды дағдыға айналдырғандары да бар. Бұл ел болашағы – жастардың өз Отанын, өз жерін, өз елін қорғауға деген сезімін оятып, сенімін нығайтатыны анық.
Тарихта мемлекеттік рәміздерге байланысты әртүрлі деректер де кездеседі. Әлем елдерінің туларында ең көп кездесетін рең – қызыл түс екен. Осы түс барлық мемлекет туларының үштен екісінде бар. Одан кейінгісі ақ, көк, сары және қара түсті тулар. Ал төрт өлең жолынан тұратын ең қысқа әнұран мәтіні Жапония мен Иордания елдеріне тиесілі көрінеді. Сондай-ақ 158 өлең жолынан тұратын ең ұзақ әнұран мәтіні Грекия елінің әнұраны. «Бостандық әнұраны» деп аталатын оның мәтінін 1823 жылы грек ақыны Диониенос Соломос жазған.
Түйіндер болсақ, елдігіміз бен ерлігімізді бір таңбаға сыйдырып, мәтінмен жыр ғып жүрекке құйған Мемлекеттік рәміздеріміздің мәртебесін биіктету әрбір қазақтың перзенттік һәм азаматтық парызы.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
04 маусым 2024 ж. 207 0