Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәжіліс депутаттары Арал ауданында болды

Мәжіліс депутаттары Арал ауданында болды

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мұрат Әбенов пен Мұрат Ергешбаев Арал ауданында болып, Сыр аймағындағы бірқатар жобалармен танысты.

Елдің жайылымдық және су шаруашылығы әлеуетін бағамдап, ауданның туристік әлеуетіне қанықты. Жалпы Сыр өңірінен сайланған халық қалаулылары елдің жайымен етене таныс. Дейтұрғанмен жағдайды көзбен көріп, көңілге түйгенге ештеңе жетпейді. Осы мақсатпен Аралға табан тіреген өкілетті билік өкілдерін аудан әкімі А.Оңғарбаев қарсы алып, ел туризмінің әлеуеті саналған Қамбаш көлінің қазіргі жағдайымен таныстырды.

Көптеген демалушылар келіп тоқтайтын Аққұмшық жағажайында мәселеге қаныққан депутаттар, кәсіпкерлермен тілдесіп, жағалаудағы бірқатар түйткілге көңіл аударды. Қамыстыбас демалыс аймағында 26 учаскеде 26 кәсіпкердің 104 демалыс үйлері жазғы маусымда туристерге қызмет көрсетеді.

Алайда Қамбаш көлінің жағалаудан жүздеген метрге алыстап кетуі салдарынан келушілердің де саны жылдағыдан кеміген. Сол себепті мұнда қазір 15-тің үстінде кәсіпкер қызмет көрсетеді. Елімізге кеңінен таныс көлге келушілерге қызмет көрсетуде жол мәселесі айтарлықтай кедергі келтіреді. 1 шақырымның айналасындағы жолдың жайы бүгін де, бүгінге дейін де қозғалып келген. Алайда қаржылық қолбайлау істі бүгінге дейін созып келеді. Халық қалаулылары жергілікті кәсіпкерлер тарапынан айтылған осы жол мәселесін назарға алып, биік мінберден  көтеретіндіктерін жеткізді.

Қамбаш көліне су әкелу мәселесі өздігінен шешіле қоймайды. Әрине әрекет керек, қыруар қаржысы және бар. Осы мақсатта қолға алынып жатқан жұмастардың негізгі нәтижесі осы Қамбаш көлін толтыру арқылы жайылымдық жерлерді суландыру болып отыр. Сондай-ақ тынысы тарылып бара жатқан балық шаруашылығы саласын жандандыру жұмыстары күн тәртібінде тұр.
#AMANAT
10 шілде 2024 ж. 166 0