Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тамара Дүйсенова: Арал ауданында "Ауыл аманаты" жобасы жақсы көрсеткіштерге ие

Тамара Дүйсенова: Арал ауданында "Ауыл аманаты" жобасы жақсы көрсеткіштерге ие

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапарында Қазалы ауданында болып, «Ауыл аманаты» бағдарламасының аймақтағы өңірлерде жүзеге асу барысымен танысты.
 «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты - ауыл халқының әл-ауқатын жақсарту және  әлеуметтік мәселелерін шешу. Жылдық 2,5 пайызбен берілетін жеңілдетілген несие азаматтарға идеяларын жүзеге асыруға, өз ісін ашуға және ауылдағы жұмыссыздықты азайтуға мүмкіндік берді.
Аудан орталығында өткен тауар өндірушілер көрмесін аралаған Тамара Қасымқызы Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарынан барған кәсіпкерлердің өнімдерін көріп, аудан әлеуетінің негізгі көрсеткіштерін оң бағалады. Көрмеде Аралдан барған кәсіпкерлердің сүт және ет өнімдері мен тұрмыстық заттары көпшілік назарына ұсынылды. Тамара Дүйсенова аймақ бойынша несие алғандардың ішінде әлеуметтік төлемдерді 110 пайыздан аса төлеген Арал ауданын және Қызылорда қаласын ерекше атап өтті.
Қазалы кентінде «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барсын талқылау мақсатында өткен мәжілісте Арал ауданының әкімі А.Оңғарбаев ауданда аталған жоба шеңберінде қолға алынып жатқан жұмыстардың барысы туралы баяндама жасады.
– Бағдарлама аясында қолдау тапқан жобалар асыл тұқымды мал өсіру, егіс шаруашылығы, тоғанда балық өсіру, ауыл шаруашылығы технинасын алу, құс шаруашылығы, ет-сүт өнімдерін өңдеу, кондитерлік өнімдер шығару және құрылыс, жиһаз, пластик өнімдерін дайындау бағытында іске асырылуда. Ауданның басты тіршілік көзі мал шаруашылығы болғанымен біз ең бірінші кезекте тоғанда балық өсіру, құс және егістік шаруашылығы, жылыжай кешендері мен өңдеу саласы жобаларын ашуға басымдық береміз. Арал ауданының экономикасын ілгерілетіп, әлеуметтің әлеуетін көтеру – аудан әкімдігінің басты мақсаты. Аудан тұрғындары мемлекеттің қолдау шараларын толықтай сезінуде,  – деді аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы.
Тамара Дүйсенова елдегі оң тәжірибелерді кеңінен тарату, өңіраралық байланысты нығайтудың маңызды екенін атап өтті.
– «Әр облыстың әрине, өзіндік ерекшеліктері бар. Алайда, өзара байланыс арқылы бірлесіп жетістікке жетуге болары даусыз. Сайып келгенде, бұл азаматтарымыздың тұрмысын жақсартуға елеулі әсер етеді. Әр азаматтың, отбасының бақуатты болуы мемлекетіміздің тұрақтылығының кепілі екенін естен шығармайық», - деді.
Атап өткен жөн, ауданда жалпы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 5 247 бірлік болса, оның ішінде жұмыс жасап тұрғандардың үлесі - 95,7 пайыз. Несиелендіру бойынша мемлекеттік бағдарламалар мен жалпы қаржы институттары арқылы құны - 1,7 млрд. теңгенің 73 жобасы несиелендірілсе, 107,8 млн. теңгенің 73 жобасы грант қаражатын иеленген. Арал ауданында республикалық бюджеттен жобаны қаржыландыруға өткен жылы 438,5 млн. теңге бөлінсе, биыл 697,7 млн. теңге қаржы қаралады деп жоспарлануда.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
27 шілде 2024 ж. 175 0