Сыбайластықпен күрес салғырттықты көтермейді
Адамзат баласы тіршілік кешкеннен бері ақ пен қара қатар жүретіні жасырын емес. Бұл жағдайлар бүгінгі қоғамда да кездесіп жүр. Солардың бірі– жең ұшынан жалғасқан сыбалас жемқорлық әрекет. Аталған мәселенің шешімін табу мақсатында жұмыс жасайтын Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекетін жүзеге асыратын республикалық арнайы мониторингтік топ құрылғаны көпке белгілі.
Иә, таяуда «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлердің құқын қорғау және сыбайласжемқорлыққа қарсы іс-әрекет кеңесінің төрағасы, облыстық арнайы мониторингтік топтың мүшесі Болат Нұрхожаев ауданда болып, «Нұр Отан» партиясы Арал аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық арнайы мониторингтік топтың мүшелерімен кездесті. Оған аудандағы топ мүшелерінен бөлек қоғамдық ұйымдар мен қоғамдық бірлестік мүшелері, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, кәсіпкерлер қатысты.
Аталған топ құрылғалы бері біршама жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірнеше нысандарда, мекемелерде болып, тексеру, бақылау, сыбайлас жемқорлықтың белгісі бар-жоғын анықтау шаралары жүзеге асырылды. Десе де, жұмыстар әлі де өз деңгейінде толықтай ықпалын тигізіп отыр деуге келмейді.
Міне, осы мәселелер жайында Б.Нұрхожаев сөз қозғап, тиімді жұмыс жүргізу жайында, алдағы уақытта қандай істер жасалуы керектігін қаузады. Сонымен қатар, аудандағы топ мүшелеріне бағыт-бағдар да берілді. Арнайы мониторингтік топтың жұмысы жайында кеңінен талқыланып, барынша түсіндірме берілді.
Кездесуге қатысқандардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, талқыланды.
Сондай-ақ, Б.Нұрхожаев «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында да болып, кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, сауалдарын да тыңдады.
Оңталап ЖОЛДАСОВ.