Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыннан нәтиже шығару – жұмысты сапалы етеді

Сыннан нәтиже шығару – жұмысты сапалы етеді

Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі А.Оңғарбаевтың төрағалығымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының аудандағы орындалу барысы туралы жиын болып өтті.
Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы тапсырмасы негізінде қолға алынған ауқымды акцияға үлес қосып келе жатқан ел азаматтарының қатары көп болғанмен, нақты нәтиже көңіл көншітпейді. Күн сайын қуыс-қолтықта жиналатын қоқыстарды айтпағанда, қаланың көптеген нысандары мен білім ошақтары, ойын алаңдары мен аллеяларында көзден таса кемшіліктер өте көп. Қала тазалығына жауапты азаматтар және тиісті бөлім мен мекемелердің мамандары бас қосқан жиында осы кемшліктер арнайы слайд арқылы көпшілік назарына ұсынылды.
– Мұндай маңызды акцияны бір реттік науқан деп қарауға болмайды. Мұның артында әрбір мекеменің, бөлімдер мен қаланың, арысы ауданның абыройы тұр. Біз тазалықты күнде жүргізгенмен бір сәттік кемшілік көпшілік назарына ілігіп қалса, айлар бойғы жұмысымыз жоққа шығады. Қазіргі ұрпақ құрмет көрсететін қасиетті орындар кез-келгеннің мазағына айналмауы тиіс. Тіпті көзден таса, көңілден алыс жерлерді, әсіресе көпшілік жиі шоғырланатын қоғамдық орындардағы кемшіліктерді тез арада қалпына келтіруіміз керек. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарға күш біріктіру маңызды. Қаладағы бейнекамералардың көмегіне жүгіну керек. Тәртіпке бағынбай, тазалық сақтамаған немесе қоғамдық орындарға зақым келтірген азаматтарды жауапкершілікке тартудың да маңызы зор. Айтқанға көнбесе, ескертуді елемесе айыппұлды да аямай салу керек, – деді аудан әкімі А.Оңғарбаев.
Жиында әсіресе қаладағы түрлі нысандар, қоғамдық орындар мен аллеялар, балалар ойын алаңдары мен мәдени және білім ошақтарының қазіргі сырт бейнесі мен маңайындағы олқылықтар сөз болды. Аталған нысандарға қатысты орын алған кемшіліктердің барлығын қайта қалпына келтіруді жауаптыларға тапсырған аудан әкімі сыннан нәтиже шықпаса әрбір мекеме басшысының жауапкершілігі қаралатындығын жеткізді.
Аудан әкімі А.Оңғарбаев жиын соңында бір мақсатта тізе қосып, күш біріктіріп келе жатқан азаматтардың жұмысына сәттілік тілеп, ортақ мекенімізге барынша таза әрі ұқыпты қарауға шақырды.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
01 тамыз 2024 ж. 155 0