Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа оқу жылына дайындық қалай?

Жаңа оқу жылына дайындық қалай?

Жайдары жаз бітіп, қоңыр күздің келетін күні де таяу. Бұл уақыт әсіресе, мектеп оқушылары үшін жаңа өмір белесіне баланады. Алғашқы қоңырау соғылып, бірі мектеп табалдырғын жаңа аттаса, енді бірі бір сынып алға басып, жаңа сатыға көтеріледі. Шәкіртімен қуана қауышып, құшағы гүлге толған мұғалім, ақ бантик тағып мектепке асыққан оқушы күздегі тіршіліктің шырайын кіргізіп жіберетіндей. Мектеп қана емес бұл шақта балабақшалар да бүлдіршіндер үшін құшағын айқара ашады. Бүгін білім беру мекемелерінің өткен жылы бағындырған белесі мен жаңа оқу жылына дайындығы туралы айтатын боламыз.
Арал ауданында 49 орта білім беру мекемесі бар. Алдағы оқу жылында аудан бойынша 17812 бала мектепке барады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 163 оқушыға артқан. Оқушыларға білім беретін педагогтар да біліктілік деңгейін көтеріп жаңа оқу жылына оқушыларға сапалы білім беру бағытында өздерін дамытуда. Білім бөліміне жалпы 2602 қызмет атқаратын болса олардың ішінде 2 шебер, 2 жоғары санат, 276 педагог-зерттеуші,7 І санат, 734 педагог-сарапшы, 10 ІІ санат, 778 педагог-модератор біліктілік санаттары бар мұғалім еңбек етуде.
– Аудандағы апатты жағдайдағы мектептер санатына Арал қаласындағы №220 орта мектеп, Тоқабай елді мекеніндегі №248 орта мектеп, Қамыстыбас елді мекеніндегі №21 орта мектептің бастауыш ғимараты және Ақшатау бастауыш мектептері кіреді. Тоқабай елді мекенінде қазіргі таңда мердігер есебінен салынып жатқан 100 орындық жаңа мектеп ғимараты, Қамыстыбас елді мекендегі №21 мектепке 100 орындық қосымша ғимарат құрылысы тоқтатылды. Ал Ақшатау елді мекенін кәсіпкер есебінен 60 орындық негізгі мектеп құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылы аудан бойынша 3 химия, 2 биология, 1 физика, 5 СТЕМ пән кабинеттерімен жабдықталады. Ауданда 25 мектеп физика, 26 мектеп биология, 26 мектеп химия кабинеттерімен жабдықталып отыр.
Арал ауданында білім бөліміне қарасты 68 мекеме бар. Оның ішінде 14 мекеме қатты отынмен, 36 мекеме сұйық отынмен,18 мекеме көгілдір отынмен жылытылады. 2024 жылы жылу беру маусымында білім саласына қарасты нысандар 1470 тонна көмір, 2954,1 тонна сұйық отын пайдаланады.
Интерактивті панельдермен қамту мақсатында 7 мектепке беріліп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. №14 мектеп-лицей бойынша жеңімпаз анықталып, интерактивті панель алынды. Қалған 6 мектепте мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Білім бөліміне қарасты 48 мектеп пен 17 балабақша және 3 қосымша білім беру ұйымы ішкі және сыртқы бейнекамералармен толықтай қамтылған,–деді білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова.
Аудан бойынша 44 мектепға ыстық тамақпен қамтылған. 2024 жылы аз қамтылған отбасынан 5288 балаға ыстық тамақ берілді. Сонымен бірге мемлекеттік атаулы көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға, мемлекеттік атаулы көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күн көріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға, жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға жалпыға бірдей міндетті оқу қоры есебінен қаржылай көмек беріліп келді.
– 2024-2025 оқу жылына оқулықтарға қаралған қаржы 1-11 сынып аралығындағы оқушыларға жетіспейтін оқулықтар мен көркем әдебиеттер алынады. Қазіргі таңда 11 баспамен келісім-шарт бар. Қосымша білім беру ұйымдары аудандық оқушылар үйі, Өнер мектебіне және аудандық спорт мектептеріне, қала, елді мекендердегі мәдениет үйлеріне, жеке қосымша орталықтарға 5643 бала қамтылған. Ал білім беру мекемелеріндегі мектепішілік 1045 үйірмеге 17210 бала, спорттық 468 үйірмеге 8795 бала қатысып отыр. Кең жолақты интернетпен қамтуға байланысты Арал ауданындағы 16 мектеп старлинк спутниктік желісіне қосылды. Нәтижесінде 100 мбит/сек жылдамдықтан асатын максималды 300 мбит/сек жуықтайтын мектептер саны 58 пайызға артып, 28 мектепті құрады. Алдағы уақытта мектептер 100 пайыз кең жолақты интернет желісіне қосу жоспарда, – дейді білім бөлімінің басшысы.
Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуде оқушылар жақсы нәтижемен қуантты. І кезеңге барлығы 681 бала қатысқан болса, орташа балл 81,4-ті құрады. 106 оқушы 100 баллдан жоғары жинады. ІІ кезеңде 138 оқушы 100 баллдан жоғары нәтиже көрсетті. Мемлекеттік грант конкурсына 569 талапкер құжат тапсырып, 422 оқушы грант иегері атанған.
Сондай-ақ, ауданның барлық мектебінде «Жазғы мектеп» шарасы жүргізілді. Ата-аналардың өтініштері бойынша 1-8 сынып аралығындағы және 10-сыныптар бойынша 15061 оқушы дерлік «Жазғы мектеп» шарасына тартылған. 2024-2025 оқу жылында 1- сыныпқа 1556 оқушы қабылданады деп күтіліуде. Бұл жоспар 99 пайызға орындалған.
Аудандағы маңызды сала саналатын білім беру бөліміне қарасты барлық ұйымдар білім күні қарсаңында оқушы қабылдауға тыңғылықты дайындық үстінде. Жоспарланған шаралардың басым бөлігі жүзеге асырылып қойғанын да жоғарыда айтып өтті. Назарға алынған басқа да жұмыстарға бөлім басшысы Санира Жанназарова тоқталып өтті.
– Тоқабай елді мекеніндегі 100 орындық №248 орта мектеп құрылысы жүргізілуде, алдағы оқу жылына А блогы беріледі деп жоспарлануда. Ақшатау елді мекеніндегі 60 орындық жаңадан ашылатын негізгі орта мектебінің ғимараты жеке кәсіпкер есебінен жүргізіліп жатыр. Жаңа оқу жылына дейін қолданысқа енгізілетін болады деп күтілуде. Алдағы уақытта мектептен тыс қосымша білім беру мекемелерінің желісін кеңейту мақсатында, қамту көлемін 50 пайызға жеткізу үшін 2026-2029 жылдарға аудандық Өнер мектебінің филиалын бала саны көп қаладағы жаңа мөлтек ауданнан, Жақсықылыш кентінен, Шижаға, Қамыстыбас елді мекендерінен және Оқушылар үйінің филиалдарын Сексеуіл, Аралқұм, Шижаға елді мекендерінен ашу жоспарланып отыр. 2024 жылы аудан көлемінде мектептердегі орын тапшылығын жою мақсатында «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 300 орындық Арал қаласынан мен Сексеуіл кентінен бір мектеп қолданысқа енсе, 2025 жылы аталған бағдарлама аясында тағы Арал қаласынан 1 мектеп, Жақсықылыш кентінен 1 мектеп пайдалануға берілетін болады. Сапақ елді мекенінен №69 орта мектепке жаңа 100 орындық ғимаратына, Жалаңаш ауылынан №58 орта мектепке жаңа 150 орындық ғимаратына қаржы бөлініп, жаңа мектеп ғимараттарын салу қажеттілігі туындауда. «Мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарын, сондай-ақ, арнайы білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы №70 бұйрығында көрсетілген білім беру ұйымдарына қажетті негізгі құрылғы саналатын материалдық-техникалық базаларын жаңарту үшін мектепке қажетті заттарға бюджеттік өтінім ұсынылды, – деді ол.
Білімді ұрпақ – елдің ертеңі. Сол балалардың сапалы білім алуы мен жайлы жағдайы қамтамасыз ету мемлекет назарынан тыс қалған емес. Соңғы жылдары білім беру саласы толағай жетстіктерге жетуде. Педагогтардың мәтебесі өсіп, жалақысы да жыл сайын көтерілуде. Оқушылардың мектеп қабығасында білім алумен қатар ғылыммен айналысуына, зерттеу жұмыстарын жүргізуіне қажетті құралдармен қамтылып, таным қабілетін арттыруға мүмкіндіктер жасалуда. Аралдағы білім беру ұйымдары заман талабына сай жабдықталып келеді. Білім мен тәжірбиені ұштастырған оқушы зерек қабілеті мен зерделі білімінің арқасында елдің көшін ілгері сүйрейтін болады. Міне, осы бағытта ауданда атқарылып жатқан жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай. Жоспарланған дүниелер де жоқ емес. Бәрі уақыттың еншісінде.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ
13 тамыз 2024 ж. 206 0