Аудан әкімі үздік спортшыларды қабылдады
Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев ел намысы сарапқа салынар байрақты бәсекелерде үздіктер қатарынан көрініп, Азия және Әлем чемпионаттарында жүлдегер атанған чемпиондар және олардың бапкерлерімен жүздесіп, құрмет көрсетті.
Аудан әкімі тартысты додаларда табандылық көрсетіп, жүлдегер атанған спортшыларды ел мақтаныш ететінін жеткізді.
– Құрметті жиынға қатысушылар, бүгін жарқын жеңістің үлгісін көрсетіп, ел мақтанышына айналған жас чемпиондар және олардың бабын келістіріп, бағын оздырған бапкерлермен жүздесіп отырмыз. Ең алдымен түрлі жарыста табандылық көрсетіп, жетістікке жеткен Сіздерге ерекше алғысымды білдіремін! Бүгінде ауданда өз кәсібінің мақтаныштарына айналған жеңімпаздардың шоғыры қалыптасып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Сіздердің жетістіктеріңізді біз ұдайы мақтанышпен айтып жүреміз. Мұның барлығы соңғы жылдары спорт саласына көрсетілген айрықша қолдаудың нәтижесі деп білеміз, – деген аудан басшысы сала бойынша аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың бірқатарына тоқталып өтті.
Мұнан соң Азия және Әлем чемпионаттарында жоғары жетістікке жеткен ел мақтаныштарына аудан әкімінің Алғысы мен қаржылай және бағалы сыйлықтар табысталды. Олардың бапкерлеріне де ерекше құрмет көрсетілді.
Кездесу барысында осы салада еңбек етіп, жас спортшылардың бабын келістіріп, бағын ашып жүрген алдыңғы аға буын спорт жанашырлары өздерінің ерекше ықыластарын білдірді. Сондай-ақ спортшылардың еңбегін бағалап, алдағы сайыстарға жігерлендірген аудан әкімдігіне ерекше ризашылықтарын жеткізді. Жас чемпиондарды болашақта Олимпиада ойындарына баруға дайындау үшін қолдау көрсетілсе деген ұсыныстарын да ортаға салды.
Жиын соңында аудан әкімі А.Оңғарбаев бүгінгі жас спортшы ертең елдің мақтанышына айналуы әбден мүмкін екенін атап өтіп, талабы бар баланы әркез қолдауға дайын екенін жеткізді.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі