Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ БАҚЫТ ЖАХАНОВ АРАЛ АУДАНЫНДА БОЛДЫ

ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ БАҚЫТ ЖАХАНОВ АРАЛ АУДАНЫНДА БОЛДЫ

Облыс әкімінің орынбасары Б. Жаханов жұмыс сапарымен Арал ауданында болды. Алдымен Сексеуіл кентіндегі 40 төсектік аурухана құрылысымен және кентке көгілдір отын тарту жұмыстарымен танысты. Аудан әкімі А. Оңғарбаев кенттегі құрылыс нысандарының жұмыс барысын түсіндіріп өтті.  Кенттегі 40 төсектік аурухананың төбе жабу және ішкі жұмыстары жүргізілуде. Көгілдір отын тарту жұмыстары бойынша «Бейнеу-Шымкент» магистральді газ құбырынан қорғаныш аймағына кіруге құжаттар рәсімделіп, қосылуға «Интергаз Орталық Азия» АҚ келісім шарт жасалып, тиісті жұмыстар атқарылуда.  
Облыс әкімі орынбасарының сапары Арал қаласында жалғасты. Аудан орталығындағы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында салынып жатқан  124 тұрғын үйді аралап көрген соң аспалы көпір құрылысымен және жаңадан іргетасы қаланып жатқан Руханият орталығының құрылысымен таныс болды. Ауқымды құрылыс жүргізіп жатқан мердігер мекеме басшыларымен кездескен Б. Жаханов халық игіліне арналған нысандардың сапалы әрі тиянақты жасалып, уақытылы аяқталуы қажеттігін тапсырды.
Мұнан соң Жіңішкеқұм ауылдық округіне барып, «Тоқабай, Абай елдімекендерін сумен қамту жобасының» және 100 орындық мектеп пен медициналық амбулаторияның құрылыс алаңында болды. Тоқабай және Абай елді мекендеріне ауыз су жеткізу бойынша жауаптыларға тиісті министрліктер арқылы құрылысты қарқынды жүргізу жөнінде тапсырмалар жүктеді. Ал елді мекендегі бой көтерген білім ошағының оқу корпусы толық аяқталған. Алдағы уақытта нысанның спорт зал, акт зал және шеберхана орналасатын бөліктерінің төбесін жабындысы жабылатын болады. Сондай-ақ, мұндағы амбулатория құрылысы да қарқынды. Төбе жабындысы жабылып, ішкі қабырғалары сылануда.
Б. Жаханов Аманөткел ауылдық округіндегі “Хан” қалқымалы көпіріне арнайы ат басын бұрып, қазіргі жағдайын көрді. Көпір құрылысы 70-80 пайызға аяқталған. Қалған құрылыс жұмыстарын аяқтауда жауаптыларға біршама міндеттер жүктелді.
Облыс әкімінің орынбасары ауданға жасаған сапары барысында Арал қаласы мен Сексеуіл кентіндегі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 300 орындық мектептерді аралап, Аманөткел ауылдық округіне қарасты Ақшатау елді мекенінде жаңадан балалар игілігіне салынған білім ордасын көрді.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
22 қыркүйек 2024 ж. 113 0