Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Орман шаруашылығы қызметкерлері құрмет төрінде

Орман шаруашылығы қызметкерлері құрмет төрінде

Қамыстыбас ауылдық округіндегі ауылдық мәдениет үйінде орман шаруашылығы саласының ардагерлері мен қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Орман – жер сәулеті, ел дәулеті» атты салтанатты шара өтті.
Мерекелік шарада сөз алған Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы С.Сермағамбетов барша әріптестерін мерекемен құттықтап, айдынды Аралдың соның ішінде табиғат жанашырларының жыл бойы жасап келе жатқан жұмыстарын ерекше бағалады.
Мұнан соң аудан әкімінің орынбасары Б.Жұмағұлов мерекеге сай ізгі лебізін білдіріп, сала ардагерлері мен қызметкерлеріне алғысын жеткізді.
Шарада ауданның экологиялық мәселесінде елеулі еңбек етіп, табиғат Анаға деген ерекше жанашырлықтың үлгісін көрсетіп жүрген бір топ сала мамандары мен ардагерлері Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының, «Қызылорда облысы орман салалары және табиғат пайдалану» қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының, Қызылорда облысының төтенше жағдайлар департаментінің және облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетейік, соңғы 30 жылда Арал теңізінің құрғаған ұлтанының қазақстандық бөлігінде құм көшкініне тосқауыл қою мен экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында көптеген кешенді шаралар атқарылып келеді.
Мұнан бөлек Мемлекет басшысы Арал теңізінің құрғаған табанындағы 1,1 миллион гектарға 2025 жылға дейін климатқа сай өсімдіктер егуді тапсырған болатын. Соған сәйкес 2021 жылы 101 мың гектарға, 2022 жылы 250 мың гектар жерге, 2023 жылы 193,2 мың гектарға сексеуіл егілді. 2024-2025 жылдары 556,2 мың гектар аумақта осы жұмыстар жалғасатын болады.
Сонымен қатар биыл еліміз Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етіп жатқанын айта кеткен жөн. Теңіздің кепкен табанына өскіндер егу мәселесі аймақ басшысының да тұрақты бақылауында. Соның нәтижесінде орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін облыс әкімінің тапсырмасымен облыстық бюджеттен 1,8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл шаралар Арал өңірінің экологиялық жағдайын жақсартуға айтарлықтай оң әсерін тигізіп келеді.
Табиғаттың құрамдас бөлігі саналған орман алқаптарын бақылауға алып, Сыр елінің табиғатын сауықтыру жолында аянбай еңбек етіп жатқан азаматтардың жұмысы тоқтаусыз жалғаса бермек.
Осы жұмыстардың бел ортасында жүрген табиғат жанашырларының құрметіне арналған шара аудан өнерпаздарының мерекелік концертімен қорытындыланды.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
20 қазан 2024 ж. 59 0