Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАН ӘКІМІ ҚАЛАДАҒЫ БІРҚАТАР ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ ЖАЙ-КҮЙІН БАҒАМДАДЫ

АУДАН ӘКІМІ ҚАЛАДАҒЫ БІРҚАТАР ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ ЖАЙ-КҮЙІН БАҒАМДАДЫ

Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев қала ішіндегі құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, жай-күйімен танысты.Алдымен аудандағы ең маңызды жобалардың бірі саналатын аспалы көпірдің құрылыс жұмыстарын бағамдады. Көпірдің бүгінде темір жол үстіндегі бөлігі бойынша аспалы белдіктерінің барлығы толық қойылып, беткі жағын бетондау жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Темір жолдың екі жағынан келетін бөліктері бойынша топырақпен нығайту жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Қырық мыңға жуық халықтың үмітіне айналған үлкен жоба жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Дегенмен күн райының салқындауына байланысты кейбір жұмыстарда кедергілер пайда болып жатыр дегенді алға тартады жоба жетекшісі Е.Жайшыбек.
Аудан басшысы мәселеге қанығып, жоспарлы жұмыс тым сылбыр жүріп жатқанын, жылы мезгілдерде негізгі жұмыстардың дені уақытылы жүргізілмей қалғандығын айтып, осы жұмыстарға уақытында бақылау жүргізбеген жауаптыларды сынға алды. Кейбір жұмыстар бойынша техникалық талаптар күн райының күрт салқындап кетуінен сақталмаса, көпір уақыт тезіне төзбеуі мүмкін. Аудан басшысы мәселені назарға алып, көпірді сапалы әрі уақытылы пайдалануға беруді тапсырды.
Мұнан соң №4 мөлтек аудан бойынша жаңадан салынған тұрғын үйлерге газ желісін тарту жұмыстарымен танысты.
Мөлтек аудан бойынша монтаждау жұмыстары аяқталып, негзігі желіні жалғау жұмыстары қалған. Алла сәтін салса мөлтек аудан тұрғындарының көптен айтып жүрген жұмыстары 2-3 күнде аяқталады. Жоба құны 324,5 млн. теңгені құрайтын газ құбырын тарту жұмыстарының құрылысына осы кезге дейін үкімет тарапынан бірде-бір қаржы бөлінбесе де аудан әкімі А.Оңғарбаев пен «Транс Азия Констракшн» ЖШС-нің арасындағы келісім бойынша мекеме өз қаражаты есебінен газ тарту жұмыстарын жүргізіп отыр. Аталған аумақта жалпы ұзындығы 14 шақырымды құрайтын газ желілері жүргізіліп, әр тұрғын үйдің жанына арнайы шүмектер қалдырылған. Енді тұрғын үйлерді газға қосу жұмыстары басталмақ.
Қаланың солтүстік батыс беткейіне көрік беріп тұрған әлеуметтік нысандардың бірі – жайлы мектеп. Аты айтып тұрғындай «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынып жатқан бұл нысан басқалардан өзгеше. Аймақ бойынша саусақпен санарлық деген жөн шығар. Еңселі әрі көрікті нысанның құрылыс жұмыстарын «Бақ-береке» ЖШС өз жауапкершілігіне алған. Мекеме басшысы Қ.Ерназаров жайлы мектепті жыл соңына дейін аяқтап, балалардың игілігіне табыстайтынын жеткізді. Қазіргі таңда мектеп құрылысының 90 пайызы жүргізілген. Ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауладағы балалар ойын алаңы мен арнайы жолақтар және жылу қазандықтары да аяқталуға жақын.
Интеллектуал ұлт қалыптастыру жолындағы ортақ ойдың жемісі саналатын 300 орындық білім ордасы озық ойлы, өнерге құштар, спортқа бейім дарынды балалардың шамшырағын жағатын мекен боларына сенім мол. Ұлтымыздың дамуында маңызды рөл атқаратын бұл білім ордасында шәкірттердің барлық пәнді оқып үйренуіне, ұстаздардың шығармашылықпен еңбек етуіне толық мүмкіндіктер жасалмақ.
Аудан әкімі мердігер мекеме басшысына мектептің құрылыс жұмыстарын сапалы етіп жасауды айтып, аталған құрылыс жыл соңына дейін толық аяқталарына сенім білдірді.
Қаладағы бұрынғы Байтұрсынов емханасын қайта жөндеу жұмыстары басталып кеткені белгілі. Негізгі мақсат ғимаратты «Қамқорлық» ерте араласу оңалту орталығы етіп реконструкциялау. Осы жобаға 289 млн. теңге бөлінсе, орталықты құрылғылармен жабдықтауға 1,2 млрд. теңге бөлінген. Бүгінде ғимаратты жөндеу жұмыстары басталып кетті. Сыртқы қаптау жұмыстары толық аяқталған. Аудан басшысы ғимарат ішін аралап көріп, жауаптыларға құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Аудан әкімі А.Оңғарбаевтың кезекті сапары қаланың солтүстік беткейінен салынып жатқан тұрғын үйлерге жалғасты. Жылдағы дәстүрмен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер сатып алу жұмыстарына орай қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Ішкі жылу жүйелері де аяқталуға жақын.

Екі пәтерлі 75 тұрғын үй орналасқан аймаққа барған аудан әкімі пайдалануға берілгелі тұрған тұрғын үйлерді аралап, ішкі жұмыстардың сапалы жүргізілгеніне көз жеткізді. Қаз қатар тізілген әр ғимарат 2 пәтерлі. Аудан басшысы құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігерлерге үйлердің сапасына баса мән беру керектігін қатаң тапсырды. Сондай-ақ тұрғын үйлер орналасқан аумақты ретке келтіріп, айналасына тазалық жұмыстарын жүргізу керектігін атап өтті.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі
14 қараша 2024 ж. 51 0