Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОС АУЫЛДА ӘКІМШІЛІК ҒИМАРАТ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

ҚОС АУЫЛДА ӘКІМШІЛІК ҒИМАРАТ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Аудан әкімі А.Оңғарбаев Сыр беткейде орналасқан бірқатар ауылдарға іс-сапармен барып, елдің тыныс-тіршілігімен танысты.Сапарын алдымен Қамыстыбас ауылынан бастаған аудан басшысы ауылдық округ әкімшілігінің жаңа ғимаратының ашылу рәсіміне қатысып, елдегі оң өзгерістерді тілге тиек етті.
Ауылға еңбегі сіңген, әкімшілік ғимараттың сапалы салынуына атсалысқан бірқатар азаматтарды аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттап, ризашылығын жеткізді.
Мұнан соң ауыл ардагері А.Есепбаев келелі іске көшбасшы болып, елге қызмет етіп жатқан азаматтардың бастамаларына сәттілік тілеп, батасын берді.
Аудан басшысы ауыл ішіндегі тарихи жәдігер саналатын Қарағайтам ғимаратына барып, онда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты. Демеушілер есебінен қолға алынған бұл жұмыстың нәтижесінде көненің көзі саналатын ескі ғимаратты сол күйінде сақтап, оны тарихи маңызы бар мұражайға айналдыру көзделуде. Аудан әкімі бастамаға сәттілік тілеп, ауыл жастарына ризашылығын білдірді.
Ауылға сән берер осындай көрікті ғимарат Қосжар ауылдық округінде де салынған болатын. Аудан әкімі жаңа ғимараттың ашылу салтанатында тілектестік білдіріп, бірқатар азаматтарды марапаттады.
– Құрметті ағайын, қадірлі жерлестер! Бүгін міне, орталарыңызға келіп, елдегі жақсы жаңалықтың өздерізбен бөліспек ниеттеміз. Халқымыз «Жақсыны көрмекке» дейді ғой. Сол жақсы іс ауылдағы әкімшілік басқару ғимаратының ашылуы. Ең алдымен елге қызмет істейтін еңселі ғимараттарыңыз құтты болсын! Еліміздің әрбір жауапты азаматының реформаларды іске асыруға белсене қатысып, мемлекетіміздің дамуына үлес қосатын кезеңдеміз. Ол үші әрине жергілікті жердегі басқару тетіктерінің жүйесі мығым, ісі тыңғылықты болуы шарт. Бұл мәселеге келгенде Қосжарды көш соңында деуге келмейді, – деген аудан әкімі алдағы жылдардың еншісіндегі жоспарлы жұмыстарды елмен бөлісті.
Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Тәжімбетов жақсы іске батасын беріп, қолға алынып жатқан бастамалардың барлығына сәттілік тіледі.
Сапар барысында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы Қосжар ауылына кіре берістегі «Жасыл белдеу» аймағында болып, тал отырғызу шарасына қатысты. Ауылдағы жалпы көлемі 5 гектарға жуық аумаққа қара тал, терек және жеміс талдарын егу арқылы жасыл белдеу қалыптастыру көзделуде. Бұл мақсатқа аудандық бюджеттен 5 млн. теңгеге қаржы қаралған. Жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі

15 қараша 2024 ж. 55 0