Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл шаруашылығы жерлеріне зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүйелі жүргізілді

Ауыл шаруашылығы жерлеріне зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүйелі жүргізілді

Фитосанитариялық қауіпсіздік – аграрлық саладағы ең өзекті мәселенің бірі. Ол ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттыруға және өңделген өнімдердің экспортын ұлғайтуға үлкен мүмкіндік береді. Жыл басынан бері Қызылорда облысының аумақтық инспекциясы 2 644 мемлекеттік қызмет көрсетсе, 1 829 фитосанитариялық сертификат табыстаған. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында ҚР АШМ АӨК МИК Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Мұхтар Оразбаев саладағы атқарылған жұмыстарды баяндады.

– Жыл басынан бері сауда базарларына жүргізілген бақылау қадағалау жұмыстарының нәтижесінде облыста таралмаған 5 карантиндік нысан анықталды. Залал келген өнімдер сот органдарының шешімімен тәркіленіп, тиісті әдістермен жойылды. Одан бөлек, облыс аумағында азық-түлік қауіпсіздігін қамтасыз ету мақсатында сауда базарларына жүргізілген бақылау және қадағалау жұмыстарының нәтижесінде 144 заң бұзушылық анықталып, айыппұл салынды. Жалпы, өңірде таралған карантиндік зиянкестер қатарына калифорниялық қалқанша сымыры мен қауын шыбыны, карантиндік арамшөп - кекіре мен сарышырмауық жатады. Биыл жатаған у кекіреге қарсы – 142,5 га, қауын шыбынына қарсы – 1 750 га жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, калифорниялық қалқанша сымырына қарсы – 43,5 га, арамсояуға қарсы – 417,007 га жер өңделді. Айта кету керек, облыс бойынша ерекше қауіпті шегіртке зиянкестерінің қанаттану, шағылысу, жұмыртқа салу кезеңінде 1 484 100 гектарға мониторинг жүргізіліп, қорытындысы бойынша 2025 жылы 60 024 гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз,- деді Мұхтар Әуесұлы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
20 желтоқсан 2024 ж. 112 0