Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Бекбауыл, Құмбазар елді мекендерінде болды

Аудан әкімі Бекбауыл, Құмбазар елді мекендерінде болды

Аудан әкімінің бүгінгі жұмыс сапары Бекбауыл ауылдық округінде жалғасты. Тұрғындарымен кездесіп, ауданда жыл көлемінде атқарылған жұмыстардың барысын бағамдап, келер жылға жоспарланған жұмыстарды ортаға салды.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары жол, жарық және жайылымдық жерлерді суландыру мәселесін көтерді. Сондай-ақ ауылдағы дәрігерлік амбулатория қызметкерлерінің жұмысына қатысты сын-ескертпелер айтты. Аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстардың әрбірін назарға алып, көтерілген мәселе бойынша тиісті шешім қабылдау жөнінде жауаптыларға тапсырма берді.

Елде болған келелі кездесу барсында ауылдың өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосқан бір топ азаматтарға жыл қорытындысымен аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Сонымен қатар кездесу барысында Арал ауданының полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Н.Тасқынбаев Ақирек, Бекбауыл және Жетес би ауылдық округтері бойынша учаскелік полиция инспекторы қызметіне полиция лейтенанты Асылхан Тәжімбетов тағайындалғанын жеткізді.

Мұнан кейін Бекбауыл ауылында жаңадан салынып жатқан мешіт ғимаратын көріп, көп болып қолға алған игі бастамаға қолдау білдірді.

Аудан басшысы одан әрі Құмбазар елді мекенінде жергілікті халқпен жүздесіп, елдің тыныс-тіршілігіне қанықты.

Өз кезегінде тұрғындар тарапынан жол мәселесі көтерілді. Сондай-ақ ауылдағы медициналық бекетті тұрғындардың көп шоғырланғандығын ескере келе фелдьшерлік пункт қылса деген ұсыныс айтылды. Мал ұрлығына қатысты да мәселе көтерілді. Аудан әкімі ұсыныстарды басшылыққа алатынын айтып, елге жаңадан тағайындалған учаскелік полиция инспекторы алдағы уақытта мал ұрлығымен күресті күшейтетінін жеткізді.

Кездесу барсында ауылдың өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосқан бір топ азаматтарға жыл қорытындысымен аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

26 желтоқсан 2024 ж. 216 0