Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақиректе ілкімді істер қолға алынуда

Ақиректе ілкімді істер қолға алынуда

Кеше аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жұмыс сапарымен бірқатар елді мекендерде болып, жергілікті тұрғындармен жүздесіп, аудандағы жыл көлемінде атқарылған жұмыстар легіне тоқталып өтті.

Алдымен Ақирек ауылдық округіне ат басын тіреп, құрылыс жұмыстары аяқталған «Жансая 2» жеке балабақшаның ғимаратымен танысты. Жаңа ғимарат 100 баланы қамтуға қауқарлы. Заман талабына сай соңғы үлгіде салынған еңселі ғимараттың барлық құрылғылары дайын. Құзырлы мекемелердің оң қорытындысы берілсе ауыл балаларының жайлы ұясына айналмақ. Аудан басшысы ғимарат иесінің жұмысына сәттілік тілеп, бастаманы әркез қолдайтынын жеткізді.

Мұнан соң ауыл ішінен жаңадан салынған мәдени демалыс саябағын көрді. Жалпы ауданы 1500 шаршы метрді құрайтын саябаққа аудандық бюджеттен 16,5 млн. теңгедей қаржы бөлінген. Ішінде балалар ойын алаңы, спорттық құрылғылар, шағын субұрқақ, сахна және түнгі жарық шамдары бар.

Іссапар барысында аудан әкімі ауылдық мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен кездесіп, елде жасалып жатқан жүйелі жұмыстардың бірқатарына тоқталып өтті.

Ауыл тұрғындары елге ортақ мәселелер көтеріп, өздерін толғандырған сұрақтарға тиісті сала мамандарынан жан-жақты жауап алды. Елдегі қауіпсіздікті ұдайы бақылауға алу, жаңадан мәдениет үйін салу, көгілдір отын және электр желілерін жаңғырту сынды күн тәртібінде тұрған өзекті деген мәселелер ауыл тұрғындары тарапынан көтерілді. Аудан әкімі көтерілген барлық мәселе орынды екенін алға тартып, келер жылдан бастап осы мәселелерді шешуге жұмыс жасалатындығын жеткізді.

Елде болған келелі кездесу барсында ауылдың өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосқан бір топ азаматтарға жыл қорытындысымен аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Сонымен қатар кездесу барысында Арал ауданының полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Н.Тасқынбаев Ақирек, Бекбауыл және Жетес би ауылдық округтері бойынша учаскелік полиция инспекторы қызметіне полиция лейтенанты Асылхан Тәжімбетов тағайындалғанын жеткізді.

Мұнан соң аудан әкімі ауыл тұрғындарымен жеке қабылдау өткізді. Тұрғындардың дені жұмыссыздық мәселесін көтерді. Аудан әкімі айтылған өтініштер мүмкіндігіне қарай, ауылдағы қоғамдық кеңестің шешімі негізінде жүзеге асатынын айтып, барлық ұсыныстарды ескерусіз қалдырмайтынын жеткізді.
Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

26 желтоқсан 2024 ж. 200 0