Кіші Аралдың суы кемеріне келді
![](/uploads/posts/2025-02/medium/1738822271_6.jpg)
Біз бүгінгі су мәселесін зерттеп көрдік. Әсілі, Әмуден қазір қайыр жоқ, Сырдың суы ғана теңізді септеуге талғажу болып тұр. Сондықтан дарияның қазіргі деңгейін көңіл таразына салып, безбендеп көрейікші.
«ҚазСуШар» РМК облыстық филиалының Қызылорда өндірістік учаскесінің басшысы Жорабек Нұрымбетовтың айтуынша, қазір Шардара су қоймасында 4 млрд 485 млн текше метр су болса, одан Қызылорда облысының шекарасына секундына 514 текше метр су түсуде. Қазір Қызылорда қаласының аумағынан секундына 385 текше метр су өтуде.
Қысқы мезгілге тән дарияны мұз ұстауына байланысты су ағыны өзеннің табанын құмнан тазалап ғана қоймай, тереңдігін еселей түсті. Бұл да табиғи бір тосын сый. Ал, теңізге келсек, Ақлақ тоспасынан144 текше метр көлемінде су құйылып жатыр екен. Әжептеуір су. Барына шүкір!
Еске салсақ, Арал ауданындағы 2021 жылғы қуаңшылыққа байланысты Сырдария өзенінің «Бұрмақұлақ» арнасы бөгеліп, «Аспай» ескі ағытқысы қалпына келтірілген. Осылайша Арал және Қазалы аудандары көлеміндегі көлдер жүйесі де суландырылып келеді. Бұл да экологиялық жағдайды жақсартудың тиімді жолына айналды.
Әрине, су – ырыстың көзі, тіршіліктің нәрі екені белгілі. Осындай аса қажетті ресурстың бастамашысы салалық министрлік бір кездері жойылды да, су шаруасы шамалы шет қалды. Осыны ерекше сезінген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жарлығымен 2023 жылы су шаруашылығы және ирригация министрлігін қайта құрды, сөйтіп үлкен мәселенің үмітін жақты. Яғни, экологиялық, экономикалық талаптарға сай параметр деңгейінде суды бақылап, пайдалануды реттейтін арнайы сала министрлігін іске қосты.
Соның жемісі болар, мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының 86-шы отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов суару маусымы кезінде Аралға 997 млн текше метр су жіберу жөнінде келісімге келген еді. Осының нәтижесі діттеген мақсаттың межесін көрсетті. Бұл балық шаруашылығы мен туризмді дамытуға зор мүмкіндік болатын.
Жасыратыны жоқ, су деңгейінің қалыпты жағдайдан түсіп кетуі Арал теңізінде балықтың көбеюіне кері әсер ете бастаған еді. Шынтуайтында, кіші Арал теңізінде балық қоры жыл өткен сайын азайып барады. Мұны мамандар растап отыр. Мұз астынан жылым тартқан балықшылар алабұға, карп секілді майда-шүйде шабақтарды қанағат тұтуға тура келуде. Жалпы, күнкөрісі тікелей балық шаруашылығымен байланысты Қамыстыбас, Қаратерең, Бөген, Қарашалаң ауылдарының тұрғындары үшін теңіз байлығы таптырмас табыс көзі еді. Маусымында мол қаражат тауып жүргендер қазір Балқаш көлінен, еліміздің өзге аймақтарының су айдындарынан балық аулауға келді.
1981-1990 жылдар аралығында мелиорация және су шаруашылығы министрі болған Нариман Қыпшақбаев бір сұхбатында: «Қазіргі таңда Әмудария мен Сырдарияның бойында тұратын, сол суды қолданатын халық саны 70 миллионға жетіп қалды. Бұрын 50 миллионның айналасында болатын. Соншама халық қазір жылына 100 млрд текше метр су қолданады. Сонда Аралды құтқару үшін 70 миллион халыққа су бермеу керек болады. Осыншама халыққа су бермеу деген, әрине, ақылға симайды. Ал Арал өзінің табиғи көлемін сақтай алмайды. Сондықтан теңізді сол кездегі бар суымен сақтауға болады деген қортындыға келдік.
2006 жылдан бастап тонна-тонна балық аулайтын болдық. Аралда сегіз ірі балық зауыты салынды. Бір кезде кетіп қалған халық қайтадан көшіп келді. Келгендер өздерінің әлеуметтік деңгейін де көтеруде.
Ауғанстандағы Талибан билігі Әмудариядан су тартатын Көштепе каналдың 100 шақырымнан асатын бөлігінің құрылысын аяқтаған. Ал, канал құрылысы толық аяқталғанда Әмудариядағы судың үштен бірі Ауғанстанның солтүстік өңірлеріне қарай ағуы мүмкін. Соның салдарынан Орталық Азия елдері, әсіресе Түркіменстан мен Өзбекстан сусыз қалуы ықтимал» деді.
Меніңше, рас сөз. Түйткіл ойды тарқатқан. Осыған қарап-ақ, алдағы жылдары су тапшылығы көкейтесті мәселе бола береді. Бұл ретте Арал теңізінің бассейні де басынан не жағдайды кешіретіні белгісіз. Қазір теңіз тағдыры Қызылорда облысының ғана мәселесі секілді көрінеді.
Сөз басында балық жөнінде бірер ой қозғадық. Өте өзекті дүние. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» деуші едік, асау айдындардың дымы құрып жатса жағалағаннан не пайда? Бұрыңғы шоршып түсер шортандар бүгін шабаққа айналып кетті емес пе? Тұқымы тозып бара ма, әлде аулап, өсірмей келеміз бе, әйтеуір бір кінәрат бар. Мамандардың сөзіне сенсек, су маржанын молайтудың жалғыз жолы – арнайы тоғандарда шабақ өсіріп, теңізге тұрақты түрде жіберіп отыру керек. Ендеше, бұл жөнінде де арнайы балық өсіретін орындарға хабарласып көрелік.
Телефон арқылы «Қамыстыбас» балық тұқымбағының директоры Сәкен Мырзағазиевке хабарластық. Мәселенің ақ-қарасын ашуды өтіндік.
Жыл сайын тұқымбақтан 12 миллион бір жылғы, 420 мың екі жылғы шабақты теңізге және көлдерге жібереміз. Бұған «Тастақ» балық өсіру бөлімшесі де атсалысады. Жаздайғы бейнетіміз осы, қайтсек балық қорын көбейтеміз деп. Негізі балықтың өсімі су деңгейіне де көп байланысты. Биыл теңізіміз толып, қуанып жатырмыз. Енді береке кірсе, балықшылармыз да бір марқайып қалады. Есеп бойынша, теңізде балықтың 12 түрі бар. Оның ішінде, Аралдың көксерке балығының сүбесі Еуропа елдеріне экспортталады. Сол үлгілі үрдіс үзілмесе дейміз. Әзірге үмітіміз мол, – деді директор.
Туасы, кіші теңіздің келешегі кемелденіп, суы сарқылмайтын, балығы тулайтын базарлы шағына бет түзейміз. Бір сүйсінерлігі, Аралаға араша әрекет жыл санап жанданып келеді. Бұл теңіз тіршілігін еселей түсті. Әрине, солай болғаны да керек. Халқымыз «Атаң мұрап болса да, арық басында бол» деген емес пе, қазір су мәселесіне салғырт қарамай, батыл түрде бақылау қажет. Сонда ғана айдынды Арал мәңгі жасайды.
Қаныбек ӘБДУОВ
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі