Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдықтар Ауған соғысы құрбандарын құрметпен еске алды

Аралдықтар Ауған соғысы құрбандарын құрметпен еске алды

Бүгін – тарлан тарихтың тағылымды күні. Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 36 жыл толды. Бұл – қан мен тер, көз жас пен арпалысқа толы қиын кезеңнің бір парағы. ХХ ғасырдың ең ұзақ майданына баланған бұл соғысқа 22 мыңға жуық қазақстандық аттанды. Олардың қатарында 60-тан астам аралдық жауынгер де бар еді.
Сол ержүрек батырларымыздың рухын ұлықтау үшін аудан орталығында тағылымды шара өтті. Жиналған жұрт майдан даласында жанын шүберекке түйіп, Отан алдындағы адал парызын өтеп, қыршын кеткен сарбаздардың рухына Құран бағыштап, тағзым етті. Қайсар батырлардың есімдері бір минут үнсіздікпен еске алынып, олардың өшпес ерлігіне тағы бір мәрте құрмет көрсетілді.
Шара барысында қала әкімі Б.Ұзақов: Алдымен баршаңызды қастерлі мереке – Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтаймын. Отан қорғау жолындағы айбыны асқақ ерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Тарих парақтарына көз жүгіртер болсақ, Семей сынақ алаңы, Чернобыль апаты, Ауған соғысы ардагерлерінің болашақтың еншісіне қосқан үлесі зор екенін білеміз. Бүгін, өздеріңізбен тарихи күнде бас қосып отырмыз. Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 36 жыл. Сонау Ауған жерінде қару асынып, сын сағаттарда бірін-бірі бауыр дескен шоқтығы биік, намысы жоғары, Отан алдындағы борышын адал өткерген азаматтар бүгін ортамызда. Біз әрдайым адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз. Сіздерге майдан даласында елдіктің туын түсірмей, ерліктің үлгісін көрсеткендеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз! Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен батылдықтарыңыз – өскелең ұрпақ үшін әрдайым үлгі болып қала бермек» – деп, қанды қасаптан аман оралған ардагерлер мен жиналған көпшілікке ықылас-лебізін білдірді.
Кейіннен сөз алған Ауған соғысының ардагері Зейнет Әжіғұлов майданның зұлмат күндерін еске алып, бейбіт өмірдің баға жетпес құндылық екенін атап өтті.
Шара соңында тағылымды тарихты түйсініп, құрмет көрсету мақсатында жиналған қауым қас батырлардың рухына арнап қойылған ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып, боздақтарды үнсіздікпен еске алды.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: Арал ауданы әкімдігі
16 ақпан 2025 ж. 135 0