Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдықтар Ауған соғысы құрбандарын еске алды

Аралдықтар Ауған соғысы құрбандарын еске алды

Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күні. ХХ ғасырдың ең ұзақ майданына баланған Ауған соғысына Қазақстаннан 22 мыңға жуық адам қатысса, олардың 60-тан астамы аралдық азаматтар болды.
Бүгін аудан орталығында соғыс жылдарында қаза тапқан майдангерлерді еске алуға арналған шара өткізілді.
Аудан тұрғындары ауған жерінде өздерiнiң интернационалдық борышын өтеу кезiнде ерлiкпен қаза тапқан жерлестеріміздің рухына құран бағыштап, тағзым етті. Ұрыс даласында қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары К. Бержанов қатысып:-«Батырлық пен қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, өздерінің Отан алдындағы борышын адал орындаған азаматтарымыздың ерен ерлігі әрқашан жадымызда. Ерлікті ұлықтау, насихаттау, құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың парызы. Жас ұрпақ сіздерді әрдайым мақтан етеді» - деп шараға қатысқан ардагерлер мен жиналған көпшілікке ізгі лебізін білдірді.
Одан соң Ауған соғысының ардагері Жұмашов Рысқұл сөз алып, бейбіт күннің қадірін ұғыну қажеттігін айтып, еліміздің тыныштығын тіледі.
Шара соңында тарихи күнді ұлықтауға жиналған ұжымдар мен еріктілер тобы Ауған соғысында қаза тапқан жерлестерімізге арналған ескерткіш тақтасына гүл шоқтарын қойды.
Атап өтейік, майдан даласына Аралдан аттанған 60 майдангердің 58-і елге оралды. Майдан даласында 2 жерлесіміз қаза тапты. Қазіргі таңда, Кеңес әскері қатарында Ауған даласындағы интернационалдық борышын өтеген 28 ардагер ортамызда.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі
16 ақпан 2023 ж. 309 0