Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ана – өмір, Ару – шуақ, Әйел – нұр

Ана – өмір, Ару – шуақ, Әйел – нұр

Бүгін көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында ауданның ардақты аналары мен қыз-келіншектері ерекше құрметке бөленді.
Аудандық мәдениет үйінде «Ана-өмір, Ару-шуақ, Әйел-нұр» атты мерекелік кеш өтті. Сәні мен салтанаты келіскен мәдениет сарайы бұл жолы ару аналардың аялы үнімен, сұлу қыз-келіншектердің сыңғыр күлкісімен көмкерілді. Мерекелік шараның шымылдығы әйел-ананың қадір-қасиетін ұлықтайтын бейнеқойылыммен және ырғықты бимен түрілді.
Салтанатты шарада аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев сөз алып, барша аналар мен әйелдер қауымын төл мерекелерімен құттықтады.
– Ардақты аналар, аяулы апа-қарындастар! Баршаңызды ару көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтаймын! Адамзат баласына әлемнің жарығын сыйлаған аналар мерекесінің жауқазын реңді көктем мезгілімен тұспа-тұс келуінде терең мағына жатыр. Қазақ қашан да қызын құрметтеп, төрге шығарып, әйелін «жарым» деп сыйлап, анасын «асыл қазынам» деп бағалаған. Болашақ ұрпақты дүниеге әкеліп, бағып-қағып, қияға ұшыратын аналар ардақтауға да, аялауға да лайықты. Осы мерейлі мереке Сіздерге айтылар ақ тілекпен түйінделмек. Жарқын көңілмен жарасым орнатып, кең пейілмен құт келтірген Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, еңбектеріңізге табыс пен баянды бақыт тілеймін – деген аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы әйел адамдардың өмірдегі асқақ болмысы мен қоғамдағы рөліне тоқталып, ерекше құрмет көрсетті.
Одан соң түрлі салада елеулі қызмет етіп, белсенділігімен ерекшеленіп, үздік деп танылған бірқатар нәзік жандыларға облыс әкімінің Алғыс хаты және аудан әкімінің арнайы Құттықтауы табысталды.
Бұл жолғы кештің басқалардан мәні ерек, маңызы зор болды. Анаға деген шетсіз-шексіз құрметтің белгісіндей болған мерекелік кеш арнайы келген әнші-сазгерлердің әсем әуенімен, ақын-жазушылардың керемет туындыларымен көмекерілді.
Кеш қонақтары ҚР мәдениет саласының үздігі, әнші, компазитор Индира Елубаева, ақын, әнші, сазгер Үкітай Ерниязов, жас ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ақжол Түменбай, ақын, аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы Айдар Сайлауов және жас әнші Күмісбек Айжарық бұл кештің көркін қыздыра түсті. Аудан өнерпаздарының ерекше туындылары да құрметке бөленген көрерменнің көзайымына айналды.
Айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әннің бәрі дерлік асыл ана, адал жар, аяулы апа-қарындастар тақырыбында өрбіп, әйелдер қауымын үлкен қуанышқа бөледі.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі

Фото: Арал ауданы әкімдігі
07 наурыз 2025 ж. 77 0