Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтады

Аудан әкімі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтады

Ардақты аналар!
Аяулы апа-қарындастар!
Баршаңызды ару көктемнің шуақты мерекесі 
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтаймын!
Адам баласына жарық дүниенің ризығын тарту етіп, бұл өмірге ерекше рең берген Сіздердің мерекелеріңіздің көктем мезгілімен тұспа-тұс келуінде терең мағына жатыр. Халқымызда «Ана алақанының аясы – ақ шынардың саясы» деген мағыналы сөз бар. Демек Сіздер өмірдің саясы, отбасының мәңгілік маздар шамшырағысыздар!
 «Әйел – бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербейді» деген даналықтың астарында әйел адамның кез келген істе нәтижеге қол жеткізе алатынын аңғартатын мағына жатыр. Әр саланың шылбырын қаққан нәзік жандылардың қоғамға қосып келе жатқан қарымды үлесі бар екені ақиқат.
Қазақ қашан да қызын құрметтеп, төрге шығарып, әйелін «жарым» деп сыйлап, анасын «асыл қазынам» деп бағалаған. Болашақ ұрпақты дүниеге әкеліп, бағып-қағып, қияға ұшыратын аналар ардақтауға да, аялауға да лайықты. Халқымыз өзіне ең қымбат ұғымдарды Отан ана, Жер ана, Ана тілі деп Ана атауымен байланыстырған. Өйткені, тіршіліктің нәрі де, мәні де – Ана ұғымынан бастау алады деп ұғынған.
Қадірлі аналар, апа-қарындастар!
Әрдайым ел дамуының куәсі болып, халқымыздың қасиеті мен қадірін дәріптеу жолында үлестеріңізді қоса беріңіздер! Әр әулетке жарқын көңілмен жарасым орнатып, кең пейілмен құт келтірген Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, еңбектеріңізге табыс пен баянды бақыт тілеймін!

Ізгі ниетпен, Арал ауданының әкімі Аманжол ОҢҒАРБАЕВ

08 наурыз 2025 ж. 93 0