Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда шаңырақ күні ерекше тойланды

Аралда шаңырақ күні ерекше тойланды

Биылғы жылы елімізде «Наурызнама» тұғырнамасы негізінде Ұлыстың ұлы күні ерекше аталып өтілуде. Бұл жолы наурызнама онкүндігінің үшінші күні «Шаңырақ» күні ретінде тойланды. Онкүндік негізінде қазақтың рухани дүниесі жанданып, тарихи-мәдени өркениет қайта жаңғырып жатыр десек те болады. Мейрамды аудан жұртшылығы да кең көлемде атап өтті.
Орталық алаңдағы мерекелік шаралар легі түрлі дәстүрмен толысып, театрландырылған қойылымпен жандана түсуде. Ерекше маңызға ие онкүндіктің бүгінгі шараларына аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев куә болып, отбасы құндылығын насихаттаған әр үйдегі қойылымдарды тамашалады.

Сән-салтанаты келіскен кешті аудан тұрғындарымен қатар шет елден келген туристер де тамашалап, халқымыздың ежелгі дәстүрлеріне қанықты.

Бүгінгі күн ертесімен «Шаңырағым – шаттығым» атты мерекелік концертпен бастау алды. Қаз қатар тігілген қараша үйлерде өткен шаралардың дені отбасы құндылығын дәріптей түскендей. Айталық жас отбасылардың салтанатты неке қию рәсімі, жаңа туған сәбидің ата-анасына туу туралы куәлік табыстау рәсімі және отасқандарына 50 жыл толған «Алтын той» иелерімен кездесу сынды рәсімдер орындалды.

Бір үйде кондитерлік және тұрмыстық тұтыну өнімдерінің көрмесі өтсе, келесі киіз үй жанында ұлттық спорт түрі «Қол күресі» мен «Гір тасын көтеруден» сайыс болды. Халқымыздың ежелгі тұрмыс салтынан сыр шертетін мұражай да келушілерге есігін айқара ашты.
«Шаңырақ» күніне сай бүгін «Шаңырақ көтеру», «Қыз ұзату», «Танабау байлау», «Бесікке салу» және «Тұсау кесу» сынды дәстүрлі қойылымдар көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады. Бұл күні «Шаңырағым шаттығым», «Шаңырақ» және «Аманат» сынды театрландырылған қойылымдар да болды.
Ал «Берекелі шаңырақ» атты жас отбасылардың неке қию рәсімі, «Отбасы – ең басты құндылық» қойылымдары мен «Ұлттық құндылық – тәрбиенің түп қазығы», «Ұлттық құндылық – ұлт қазынасы» ұлттық дәстүрлер көрсетілімдері жұртшылықтың ерекше құрметіне бөленді.

Ертелі-кеш ұйымдастырылған дәстүрлі шаралар кешкілік «Шаңырақ – шаттық Отаны» атты Райым, Жетес би, Қаратерең, Жаңақұрылыс ауылдық округтеріндегі білім беру ұйымдары мен ауылдық клуб үйі өнерпаздарының мерекелік концертімен түйінделді.

Айта кетейік, ертең, яғни 17 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні мерекесіне орай кешкілік Аманөткел, Мергенсай, Сазды ауылдық округтеріндегі білім беру ұйымдары мен ауылдық клуб үйлері өнерпаздарының «Көктем құшағындағы Наурыз» атты театрландырылған мерекелік концерті өтеді.

Фото: Арал ауданы әкімдігі 
17 наурыз 2025 ж. 46 0