«Сапа керуені»: БАҚ өкілдері асфальт-бетон зауыттарының жұмысымен танысты

Бірқатар нысанға филиал қызметкерлерімен бірге жергілікті БАҚ өкілдері де арнайышығып, өндіріс орындарының тыныс-тіршілігін көзбен көріп қайтты.
Пресс-тур аймақтағы белді жол салушы компаниялардың бірі «УАД» серіктестігінің асфальт-бетон зауытынан басталды. Ұзақ жылдардан бері осы салада жұмыс істеп келе жатқан іргелі кәсіпорынның өндіріс аумағында екі асфальт шығаратын заманауи зауыт орнатылған. Мұнда жол құрылыс материалдары италияндық технологиямен өңделеді. Әр асфальт жабындысының өзіндік қоспалары, нормативтік талаптары болады.

Бүгінде кәсіпорында 200-ден аса адам еңбек етеді. Қиындығы мен ауыртпалығы мол жол саласында ерлермен бірге иық тіресіп нәзік жандар да жұмыс істеп жүр. Солардың бірі зертхана инженері Жұлдыз Сағындықова. Ол зауыттан шығатын асфальт құрамын күнделікті жіті қадағалап, материалдардың сапасын ұдайы тексеріп отырады.
«Осы жол саласында еңбек етіп жатқаныма 15 жылдай уақыт болды. Шаң-тозаң, қайнаған өндірістің ортасында жүру қыз бала үшін оңай шаруа емес әрине. Бірақ, маған өз жұмысым ұнайды. Әріптестерімнің көбі ер азаматтар болған соң маған ауыртпалық салмайды. Қажет кезде үнемі көмектесіп отырады. Зауытта асфальтқа қосылатын құмнан бастап, қиыршық тасқа дейін зертханалық тексеруден өтеді. Кейде жолдарға шығып, асфальт жабындысынан сынамалар аламыз. Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мамандарымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Олқылық анықталса дереу қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргіземіз», дейді зертхана инженері Жұлдыз Сағындықова.

«Қиыршық тасты Жаңақорғанның Шалқиясынан әкелеміз. Өйткені, бұл асфальттің сапасына бірден-бір әсер ететін шикізат. Мәселен, Шиеліден келетін тас көбіне бізге жарамайды. Жалпы кез-келген материалдың сапасын тексеріп барып, өндіріске пайдаланамыз. Қазір барынша қажетті шикізат қорын жинап алып жатырмыз. Өйткені, маусым қызған шақта жаңадан салынып жатқан жолдарға асфальтты үзбей жеткізуіміз қажет.Қазіргі таңда, қаланың өзінде бірнеше жобамыз бар. Алдағы уақытта Ақтөбе облысында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізін кеңейту жұмыстарына қатысуды көздеп отырмыз. Бергі жағы Түркістан облысында күре жолды жөндеу жұмыстары бар. Біздің мекеменің әлеуметтік жауапкершілігі де жоғары. 300-ге жуық адам осы кәсіпорынның арқасында отбасын асырап отыр. Сондықтан әрбір жолымызды талапқа сай, сапалы жасауға ұмтыламыз»,- «Қыран» ЖШС асфальт-бетон зауытының басшысы.

«Бірінші сәуірден бастап аймақтағы асфальт-бетон зауыттарына тексеру жүргізіп келеміз. Әзірге 15-інің тиісті сертификат құжаттары мен материалдық-техникалық базасын бағалап шықтық. Жалпы АБЗ-ға қойылатын міндетті 16 талап бар. Соның әрқайыссын тексеріп, нормтивтік талаптар бойынша қорытынды береміз. Егер кемшіліктер болса, тиісті сын-ескертпе беріп қайта түзетуге уақыт беріледі. Одан бөлек зауыттан шыққан асфальт құрамы өзіміздің зертханада тексеріледі. Ең басты мақсатымыз аймақ жолдарына сапалы асфальт жабындыларын салу»,-деді «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК ҚОФ инженері Асылбек Қаббазов.
«Сапа керуені» пресс-туры аясында БАҚ өкілдері асфальт-зауыттарының қайнаған тіршілігін таспаға түсіріп, мамандардан жан-жақты ақпарат алды.