Балықшылар бақ сынады

Расында нағыз еңбек адамы, әйгілі балықшы Құлақан Дәрібаев жайында Алматыдан 5 мың данамен шыққан К.Күленовтің "Аралдың озат балықшылары" атты кітапта "Құлақан қарттың Арал теңізінің жағасында кіндігі кесіліп, жөргегі жуылды. Ана сүтінен кейінгі тұңғыш татқан дәмі де осы Аралдың балығы еді. Құлақан 14 жасынан бастап әкесіне ерді. Жел қайыққа мініп, аудың бір жағына ие болды. Ол революцияға дейін Оралдағы кулактарға жалданып, балық аулады, балықпен күн көрді. Оның бұл кезде түн қатып жүріп балық аулағанда алатыны айына үш-ақ сом еді.
Арал теңізі жағасында балықшылардың ішінен ең алғаш бас көтеріп, жұмысшыларды ұйымдастыруға кіріскендердің бірі – осы Құлақан қарт. Құлекең өзімен бірге ұдайы балық аулап жүрген белгілі Өтеп қартпен тізе қосты. Балық зауытындағы жұмысшыларды ұйымдастыруға кірісті. Орыс жұмысшыларымен бірге партизан отрядын құрды, Қызыл әскермен байланысын үзбеді. Аралдағы байлар мен кулактарды талқандағаннан кейін ондағы зауыттарды мемлекет меншігіне өткізгендердің ішінде бұлар да болды. Өтеп пен Құлекең Аралдың бірнеше түбектерінде Совет одағын құрды.
Құлақан қарт қазір "Қарашалаң" балықшылар колхозының мүшесі, колхоз бригадирі. Ол өзінің жоспарын артығымен орындайтын колхоздың алдыңғы қатарлы стахановшы. 1951 жылы Құлекең жылдық жоспарын 1 шілдеде орындады. Құлақан қарт бастаған звено жылдық жоспардан артық 317 центнер балық аулап өткізді" деген жазба қалған.

Кейіннен Журналистер одағының мүшесі, аралдық журналист Ерғали Абдулла еңбек ардагері жайлы мақаласында "1921 жылы В.Лениннің Арал балықшыларына хат жолдап, Волга бойындағы аштыққа ұшыраған балаларға көмек сұрағанда алғашқы көмек қолын созғанның бірі Құлақан қарт болған. Қараша айындағы абыржыда, онан кейінгі желтоқсан айындағы аязды, боранды күндердің қиындықтарына қарамай, ауланған балықтарының қомақты бір бөлігін түйе шанамен Қамыстыбас темір жол стансасына жеткізіп отырған. 14 вагон қайырымдылық әрекетіне тиісті үлесін қосқан осы еңбегі әлденеше мәрте аталып, кейін қарт балықшының мерейі үстем болып жүрді" деп жазады.

Иә, тарихта аты алтын әріппен қалған балықшының 125 жылдығы аясында өткен облыстық жарысқа Жаңақорған, Шиелі, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Қазалы, Арал аудандарынан мәдениет саласының қызметкерлері қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орынды Сырдария ауданының қатысушылары А.Темірханов пен А.Советов еншілесе, ІІ орынға шиелілік Д.Мусаев пен Е.Елтай көтерілді. Ал бас жүлде Қармақшы ауданының намысын қорғаған Р.Байғараев пен С.Мырзабековтердің еншісінде кетті. Жеңімпаздар мен арнайы номинация иелеріне марапаттан бөлек Қ.Дәрібаев ұрпақтары мен демеушілер тарапынан қаржылай жүлделер табысталды.
Шараны ұйымдастырушы Қарашалаң ауылдық клубының сүймелдеушісі А.Күзенова:
– Осыған дейін аудан көлемінде әуесқой балықшылардың жарысы бірнеше мәрте өткізіліп келді. Ал мәдениет қызметкерлері арасында ұйымдастырылған бұл шара бірінші рет өтіп отыр. Алғаш рет өтсе де қатысушылардың белсенділігі мен жеңіске деген ұмтылысы бізді қуантты. Бірінші кезекте ата рухын ұлықтап, еңбек адамдарының есімі ешқашан ұмытылмайтынын көрсеткен Құлақан атамыздың ұрпақтары мен шараға қолдау білдіріп, демеушілік танытқан жергілікті кәсіпкерлерге, мәдениет саласы қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Еңбек адамдарын ұлықтайтын шаралар алдағы уақытта да осындай ауқымды деңгейде өткізілетін болса нұр үстіне нұр болар еді, – дейді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ