Тыл ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Аудан басшысы А.Оңғарбаев алдымен 93 жастың төріне шыққан Балқаш Аймағамбетова әжейдің шаңырағына барып, кейуананы мерекесімен құттықтады.
Аудан дамуы жолында түрлі салада қызмет атқарған қазыналы қарттың бүгінде денсаулығы жақсы. Ғасырға жуық ғұмыр иесі әлі күнге еркін жүріп-тұрады. Ақылман қария тылдағы бейнетті жолынан бөлек, неке қию бөлімінде, құжаттармен айналысатын мекемеде және Сбер кассада есепші сынды қызметтер атқарған.
Сосын саналы ғұмырын балық шаруашылығына арнаған, жастайынан тылда еңбек етіп, ел басына түскен ауыртпалықты сезініп өскен, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Балық шаруашылығы министрі, Қызылорда облысының және Арал ауданының құрметті азаматы Құдайберген Саржановтың шаңырағында болды.

Еңбек жолын «Арал балық шаруашылығы» өндірістік бірлестігінің инженері болып бастаған Қ.Саржанов Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Балық шаруашылығы министріне дейінгі қызметтердің бәрін де абыроймен атқарды. Қай істе де өзін білімді маман, ел мүддесін басты міндет санайтын азамат ретінде таныта білді. Қазір зейнет жасында болса да еңбекқорлығы арқылы жұртшылықтың шынайы алғысы мен құрметіне бөленіп келеді.
Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы абыз ақсақал, жазушы-журналист, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шәкірат Дәрмағамбетовтың шаңырағына барды.

Саналы ғұмырын білім және журналистика саласына арнаған қарт қазына бүгінде 97 жасқа аяқ басып тұр. Ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын жан-жақты саралап, жаңалықтарға құлақ түре жүретін ел жақсы біледі. 

Қазыналы қарт мерейлі мерекемен құттықтай келген аудан әкімі А.Оңғарбаев бастаған ел азаматтарына шынайы ризашылығын жеткізіп, арнайы батасын берді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі