Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі бөгендік ағайынның талап-тілегін тыңдады

Аудан әкімі бөгендік ағайынның талап-тілегін тыңдады

Құт қонып, берекесі артқан киелі өңірлердің бірі Бөген ауылында да ел айтып жүрер ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бөген-Аманөткел бағытындағы жолдың құрылыс жұмыстары басталып, Сарытерең каналының ауыл тұсындағы бөлігінен су тоспасын салу жұмыстары да қарқын ала бастаған.

Құны 5,2 млрд. теңгені құрайтын Қамыстыбас елді мекені тұсынан автоматты газ тарату стансасы салынып жатыр. Бұл станса арқылы 18 елді мекендегі 15 мыңға жуық халыққа кезең-кезеңімен көгілдір отын жеткізуге мүмкіндік болады. Осы жұмыстардың бірлігінде де Бөген ауылы да бар. Бүгін-ертең болмағанмен жақсылық істің жалғасын сабырмен күткен ағайын алдағы жылдардың еншісінде көгілдір отынға қол жеткізіп қалуы бек мүмкін.
Аудан әкімі тұрғындармен кездесу барысында осы және өзге де мәселелерді тілге тиек етіп, тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерге құлақ түрді.

Бөген мен оған қарасты Қарашалаң ауылына ортақ негізі мәселе жолдық қазіргі жағдайы тұрғындар тарапынан айтылды. Көкарал бөгетінің басында жүргізілген құрылыс жұмыстары кезінде ауыр жүк көліктерінің жиі қатынауы салдарынан салынған асфальт жолдың қазіргі жайы жарамсыз күйге түскен. Ауыл тұрғындары осы мәселені айтып, жөндеу жұмыстарын жүргізсе деген тілегін жеткізді. Сонымен қатар Қарашалаңдағы медициналық бекеттің сыйымдылығы және Бөген ауылындағы медицина маманының тапшылығы сөз болды. Сондай-ақ ауылішілік электр желілерінің тозуы мен кернеудің аз болатындығы айтылды.
Аудан әкімі айтылған ұсыныстардың барлығы орынды көтерілгенін айтып, бұл мәселелерді шешу бағытында алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жүргізілетінін жеткізді.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

16 мамыр 2025 ж. 41 0