Қарақұмда зиянкестерге қарсы күрес күшейтілді
Мұндағы халықты қазіргі уақытта алаңдатып отырған негізгі мәселе жайылымдық және шабындық жерлерге зиянкестердің көптеп келуі болып отыр. Ахуал соңғы бірер күндікте дабыл қағарлық жағдайға жеткен соң, мәселені көзбен көрмекке келген аудан әкімі А.Оңғарбаев №59 орта мектеп ғимаратында халықпен жүздесіп, жыл басынан бері өңірдегі атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.
Жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар жөнінде айтып, біткен істер бойынша сөз сабақтады. Ауылдағы өзекті деген мәселелер де аудан әкімінің назарынан тыс қалған жоқ. Кейбір түйіткілдер кезең-кезеңімен шешімін тауып келе жатқанына тоқталып, тұрғындар тарапынан түскен өтініштердің барлығы заңдылығына сай қаралып, шешуге жұмыс жасалатындығын жеткізді.

Мұндағы ағайынның негізгі мәселесі маусымдық шараларға ұласқан зиянкестермен күрес болып отыр. Бүгінгі күні әлі үлкейе қоймаған шегірткелердің көптігінен ауылдағы қарапайым шаруалар зиян шегемізбе деген үрейде. Осы мәселеге қазірден ден қоймаса кейін кеш болама деген уәж айтады. Бұл бағыттағы жұмыстарды жедел атқаруға келген жұмыс күші әлі күнге дейін түрлі жағдайды сылтау етіп, шегірткелерді улау жұмыстарын толыққанды жүргізе алмай отыр. Осы және ауылға қатысты өзге де мәселелер тұрғындармен болған кездесуде кеңінен талқыланды.
Ауылға тартылып жатқан ауыз су мәселесі де сөз болды. Жастар тарапынан ауылдағы қазақ күресінің болашағына алаңдаушылықтың бар екені қозғалып, келешек чемпиондар шығару ісінде лайықты қолдау болса деген ұсыныстар айтылды.
Аудан әкімі ел көтерген әрбір мәселенің қайсыбірі болсын орынды екенін айтып, мәселені шешу бағытында жұмыс жүргізілетінін жеткізді.
Қарақұмға жасаған сапары барысында аудан басшысы А.Оңғарбаев Абай темір жол станциясына аялдады. Мұнда көп уақыттан бері темір жол перронына қатысты мәселе көтерілген-ді. Жолаушылардың әсіресе егде жастағы жолаушылардың станция маңынан жолаушылар пойызына мініп-түсуде қиындық туындайтыны жиі айтылып жүр. Осы мәселеге қатысты «Қазақстан Темір Жолы» ҰҚ» АҚ басшылығы тарапымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде аталған аумаққа темір жол перронын салу мәселесі қолдау тапқан-ды.
Бірінші кезекте осы маңнан ұзындығы 200 метрдей болатын темір жол перронының құрылысына қатысты жоба дайындалатын болады. Бұл жұмыстар ағымдағы жылы нақтыланбақ.
Осы мәселені сапар барысында зерделеген аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы темір жол станциясының жағдайына қанығып, вокзал қызметкерлеріне ғимаратты күтіп ұстау жөнінде сын-ескертпелер айтты.

Мұнан әрі ауыл сыртында үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарының жағдайымен танысты.
«Авиакомпания «Дельта-Юг», жеке кәсіпкер «Багжан» және «Фитосанитария» шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда облыстық филиалы қолға алған шегіртке зиянкестеріне қарсы фитосанитариялық күрес жұмыстарына бүгінде 4 арнайы жер агрегаттары, 2 аса жеңіл ұшақ, 3 дрон жұмылдырылған. Аудан бойынша 21720 гектар аумақтың қазіргі уақытта 4800-і өңделіп, жұмыстың орындалу көрсеткіші 22 пайызды құрап отыр.
Қазіргі таңда Қарақұм ауылдық округінде 2 аса жеңіл ұшақ, Қарақұм, Қосаман, Жіңішкеқұм ауылдық округтерінде 4 арнайы жер агрегеттарымен химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Сазды ауылдық округінде зиянкестерге қарсы 3 дронмен химиялық өңдеу жұмыстары жүруде.

Аудан әкімі белгіленген аумақта Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Қызылорда облыстық аумақтық инспекция басшысы М.Оразбаевпен тілдесті. Кездесу барысында жұмыстың мардымсыз жүргізіліп жатқандығы сөз болды. Облыс орталығынан әлі де қолдау беріліп, қажетті техникалар мен жұмыс күшін жұмылдыру мәселесі шешімін таппақ. Аудан әкімі ел көтерген бұл бағыттағы талап-тілектің аса жоғары екенін айтып, жауапты азаматтарға алдағы екі-үш күн уақытта жұмысты жеделдету керектігін ескертті.


