GEOPARK ARAL: Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті

Конференцияға облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының бас хатшысы Жанар Есентайқызы, ҚР “Аралды құтқару халықаралық қоры” атқарушы дирекциясының директоры Серікәли Мұхаметкәрімұлы және өзге де сарапшылар мен модераторлар қатысты.
Конференцияның басты мақсаты – «Geopark Aral» жобасы аясында Арал өңірінің стратегиялық және туризмдік әлеуетін арттыру, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның жаһандық геопаркі мәртебесін иеленуге бағытталған маңызды қадамдарды жан-жақты талқылау болды.
Іс-шара Арал өңірінің бірегей геологиялық, табиғи және мәдени мұрасын сақтау мен насихаттау жолында ғылыми қауымдастық, бизнес және азаматтық қоғам өкілдерінің күш-жігерін біріктіруге бағытталған. Конференция барысында тұрақты даму, экологиялық туризм, ғылыми зерттеулер мен халықаралық ынтымақтастықты ілгерілету мақсатында геопарктің мүмкіндіктеріне айрықша назар аударылды.


