Аудан әкімі Аманөткел ауылдық округінің тұрғындарымен жүздесті
Аудан басшысы алдымен елдімекен орталығында «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жаңадан бой көтеріп жатқан ауылдық мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарын бағамдады. Құны 611 млн теңгені құрайтын 150 орындық нысанның құрылысын «Жабдықтау» ЖШС-і мердігер мекемесі жүргізуде. Мәдениет ошағы жыл соңына дейін ел игілігіне табысталады деп күтілуде.
Мұнан соң, аудан әкімі жергілікті әкімшілік ғимаратына барып, жуырда ауылдық округ әкімі болып сайланған Қайрат Әбдірамановты қызметімен құттықтап, ауыл халқының күнделікті тыныс-тіршілігінен бастап, ауылдық округте кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен қамту, бюджет қаражатын уақтылы, сапалы игеру, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету, тұрғындардың өтініш тілектеріне құлақ асып, тынбай жұмыс жасау басты міндеті екенін айтып, тиісті тапсырмалар берді.
Одан әрі аталған ғимаратта жергілікті тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, талап-тілектерін ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Қабылдауға келушілердің бірі мамандығына сәйкес тұрақты жұмыс сұраса, бірі тұрғын-үй алу мәселесімен жүгінді. Аудан басшысы көтерілген әрбір мәселелерді сала мамандарымен бірге мұқият зерделеп, өтініштер мен ұсыныстар бойынша құзырлы мемлекеттік мекеме басшыларына, ауылдық округ әкіміне нақты тапсырмалар жүктеді.
Ауыл халқымен өткен кездесуде аудан әкімі өңірде атқарылған бірқатар жұмыстарды баяндап, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында жасалып жатқан нақты істерге тоқталды. Сондай-ақ, өңірдегі ауыз су, жол, газ тарту, денсаулық сақтау және білім беру салаларында жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстарды да атап өтті.
Тұрғындар тарапы аудан көлемінде істеліп жатқан жұмыстардың барлығынан хабардар екенін айтып, оңға басқан бастамаларға сәттілік тіледі.


