Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Халықпен кездесу Райым және Қосжар ауылдық округтерінде жалғасты

Халықпен кездесу Райым және Қосжар ауылдық округтерінде жалғасты

Аудан әкімінің елдімекендерге жасаған жұмыс сапары Райым және Қосжар ауылдық округтерінде жалғасты.

Райым ауылдық округіне ат басын бұрған аудан басшысы Аманжол Оңғарбаев алдымен жергілікті әкімшілік ғимаратына барып, жуырда өткен сайлау қорытындысына сәйкес халықтың басым қолдауына ие болып, ауылдық округ әкімі болып сайланған Рүстем Қарауымбетовты жаңа қызметімен құттықтады. Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Зағатов ауыл әкімінің қызметтік куәлігін табыстап, ресми таныстырып өтті.

Мұнан соң ауылдық мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен кездесіп, биылғы жылы атқарылған жұмыстардың бірқатарына тоқталып, ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Жергілікті халық ауылішілік электр желілерін ауыстыру, ауылға аяқ су тарту сынды өзекті мәселелерді жеткізді. Өз кезегінде аудан әкімі кей мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келе жатқанына тоқталып, тұрғындар тарапынан түскен өтініштердің барлығы заңдылығына сай қаралып, шешуге жұмыс жасалатындығын айтты.
Кездесуден соң аудан әкімі ауыл тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдап, өтініштерін тыңдады. Қабылдауда айтылған мәселелердің оңтайлы шешілуі үшін заң аясында түсіндірме беріп, жауапты тұлғаларға шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.

Жұмыс сапары одан әрі Қосжар ауылдық округінде жалғасты. Мұнда да аудан басшысы ағымдағы жылдың 18 мамыры күні өткен сайлауда Қосжар ауылдық округінің әкімі лауазымына сайланған Мәди Әбдікеровты ел ақсақалдарына таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі. Мектеп ғимаратында ауыл тұрғындарымен кездесіп, теңізді өлкеде атқарылып жатқан толымды тірліктерді ортаға салды. Сондай-ақ алдағы атқарылар жұмыстар легін тізбектеп өтті.
Арал ауданы әкімінің баспасөз хатшысы 

22 мамыр 2025 ж. 50 0