Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «GEOPARK ARAL» дамудың жаңа кезеңіне жол ашады

«GEOPARK ARAL» дамудың жаңа кезеңіне жол ашады

Арал ауданында «GEOPARK ARAL» сапар орталығы ашылды. Бұл  – тек инфрақұрылымдық жоба емес, өңірдің табиғи, тарихи, геологиялық, мәдени және экологиялық бай мұрасын сақтау мен танытудың тамаша көрінісі. Сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай туристік орталық болмақ.

«GEOPARK ARAL» туристік орталығы – өңірдің өткені мен болашағы арасындағы алтын көпір. Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың айтуынша, бұл нысан дамудың жаңа кезеңіне жол ашады.

–        Біз экологиялық апаттың салдары туралы естеліктермен шектелмеуіміз керек, бұл оқиғадан сабақ алып, оны танымдық, ғылыми және туристік мақсаттарда пайдалану қажет. Ауданды халықаралық геобрендке айналдыруға ниеттіміз. Этно-маршруттар концепциясы болашақта Сыр елінің туристік инфрақұрылымын дамытуға, Арал теңізі бассейнінің Қазақстандағы бөлігіндегі туризм түрлерінің үйлестірілуіне, халықтың әл-ауқатын арттыруға, экологиялық жағдайды жақсартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға үлкен мүмкіндік береді, – дейді аудан әкімі.

«GEOPARK ARAL» – ЮНЕСКО жаһандық геопарктерінің қатарына енуге ниетті Қазақстандағы бірден-бір бастама. Орталық Аралдың жаңа тынысы, оның табиғи, тарихи және мәдени байлығын күллі әлемге паш етудің биік баспалдағы іспетті. Бұл жоба экотуризмді дамыту, халықты экологиялық біліммен қамту, тұрақты табыс көзін қалыптастыру және Аралдың бай мұрасын келер ұрпаққа жеткізуді мақсат етеді. Қасиетті топырақтың қойнауында сақталған сыр мен шежіре енді әлемге геотуризм арқылы таныстырылады.

ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктері жөніндегі Қазақстан ұлттық комитетінің төрайымы Саида Нигматованың айтуынша, геопарк құрамына 24 нысан енеді, олардың көпшілігі Арал теңізінің кеуіп қалған табанында орналасқан.

– Біз бірнеше күн бұрын Франциядан Арал қаласына келдік және осы орталыққа тап болдық. Көргенімізге қатты қуаныштымыз. Мұнда өте тату және қонақжай халық тұрады. Қала таза әрі ұқыпты. Өңірдің ерекше табиғаты мен «Барсакелмес» қорығы біздің елімізде үлкен қызығушылық тудырады. Біз мұнда мүмкіндігінше көбірек турист тартуды жоспарлап отырмыз, – дейді туристік компания иесі Изабелла Ману.

«СБ» ақпарат

Ақпарат көзі: syrboyi.kz

 
24 мамыр 2025 ж. 58 0