Мэлс Елеусізов президенттік сайлауға қатысатынын мәлімдеді
Мэлс Елеусізов президент сайлауына қатысуға ниет білдірді. “Табиғат” экологиялық қоғамының көшбасшысы бұл үшін барын салатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
“Сайлауға өзім барамын. Қазір өткізбесе, біреудің командасына қосыламын. Ештеңеге қарамастан, қатысамын. Өзім үгіт-насихат жүргіземін. Қолдан келсе, ел аралаймын. Мені тоқтатпауға кеңес беремін. Менің заңды құқығым бар. Тіпті, заң өзгерсе де… Мен қоғамдық бірлестікті басқарамын. Ол 90-жылдардың басында тіркелген Қазақстандағы ең алғашқы танымал бірлестік”, – дейді Елеусізов.
Айта кетейік, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтеді. Бұл туралы 9 сәуір күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті. Ол сайлаудың ашық және әділ өтуіне кепіл берді. Ал көпшілікті “бұл сайлауға Иманғали Тасмағамбетов қатыса ала ма?” деген сұрақ мазалауда. Бұған күні кеше орталық сайлау комиссиясы жауап берді. Бұған дейін ардагерлер одағы қоғам белсендісі Мұхтар Тайжанның кандидатурасы туралы сөз қозғаған болатын. Алайда Тайжан мемлекеттік қызметте 5 жыл жұмыс өтілі болмағандықтан, өзге кандидатты таңдауға кеңес берді.