Мергенсай ауылдық округіне жаңа әкім сайланды

Ауылдық округ әкімшілігі ғимаратында өткен басқосуда Арал аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ә.Жиенәлиев сайлауға қатысқан үміткерлердің ішінен халықтың басым қолдауына ие болған Күлпаш Жолдасова ауыл әкімі болып сайланғанын ресми түрде атап өтіп, арнайы қызметтік куәлік табыстады.
Аудан әкімінің орынбасары жаңадан сайланған ауыл әкіміне сенім білдіріп, ауылдағы өзекті деген мәселелердің уақытылы шешімін табуға жұмыс жасау керектігін жеткізді. Әсіресе ауылда салынып жатқан жаңа мектеп ғимараты, ауылдық округке қарасты Тастүбек ауылына тартылып жатқан ауыз су желісінің құрылыс жұмыстары және жол салуы сынды маңызды жобалардың басы-қасында жүріп, елдің мұң-мұқтажын уақытылы көтеруде ауыл әкімі белсенділік таныту керектігін атап өтті.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев ел басқару ісінде осы кезге дейін халықтың сеніміне ие болып, көп көңілінен шыға білген бұрынғы әкім М.Құтмамбетовке аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. Жұмысына жақсы баға беріп, елдің ризашылығын жеткізді.
Кездесуде ауыл тұрғындары сайлаудың әділ әрі ашық өткендігін айтып, халық сеніміне ие болған жаңа әкімге қолдау білдірді.
Арал ауданы әкімінің баспасөз хатшысы