Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық Рәміздер ұлықталды

Ұлттық Рәміздер ұлықталды

Бүгін 4 маусым – Мемлекеттік Рәміздер күні мерекесі қарсаңында «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық бірегейліктің тірегі» атты патриоттық шара өтті.
Рәміздер алаңында өткен мерекелік іс-шарада ең алдымен мемлекеттік Ту көкке көтеріліп, әрбір қазақстандықтың биік рухы, асқақ үніне айналған Әнұран шырқалды. 
Мазмұнды шараға аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен белсенді жастар және оқушылар қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев Арал жұртын мерекемен құттықтап, мемлекеттік рәміздер Тәуелсіздіктің баға жетпес құндылығы екенін жеткізді.
– Құрметті жерлестер, Сіздерді 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – ел тарихындағы айтулы мерекелердің бірі. Мемлекеттік рәміздерсіз тәуелсіз ел болмайды. Халқымыздың өр рухының символына айналған мемлекеттік рәміздер мемлекеттік мерекелер мен спортшылардың жеңіске жеткен мерейлі сәттерінде бізді біріктіріп, рухымызды көтеруде. Аспан түстес көк Туымыз ғаламшардың ең биік шыңдарына, тіпті ғарышқа да тігілді. Жүрегі елім деп соққан әрбір жан рәміздерді құрметтеп, оларды бойтұмардай қастерлеуі тиіс. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі әрі ертеңгі мақсатымыз көрініс тапқан. Түптеп келгенде рәміздердегі нышандар арқылы ұлтымыздың әлем алдындағы бейнесі қалыптасады. Баршаңызды мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтай отырып, ел іші мерекелі де берекелі, елтаңбамыз – еңселі, туымыз – тұғырлы, әнұранымыз – айбынды болсын деймін. Тыныштығы мен ынтымағы жарасқан Қазақстанымыз жасай берсін, Рәміздеріміз асқақтап, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! – деді Н.Бохаев.
Патриоттық жиын барысында мемлекеттік органдарға жаңадан жұмысқа қабылданған мемлекеттік қызметкерлер салтанатты түрде ант берді.
Сондай-ақ, «Жас ұлан» ұйымының қатарына қабылданған оқушылар көпшілік алдында ант қабылдады. Аудан әкімінің орынбасары зиялы қауыммен бірге ант беріп, «Жас ұлан» ұйымының қатарына қосылған жас өрендерге арнайы галстук тағып, қадамына сәттілік тіледі. 
Айтулы мерекеде патриоттық әндер орындалып, жиын көк байрағымыз желбіреген мерекелік марафонмен түйінделді.


Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
04 маусым 2025 ж. 41 0