Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Miras» аймақтық кеңесінің көшпелі отырысы өтті

«Miras» аймақтық кеңесінің көшпелі отырысы өтті

Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласының сол жағалауынан бой көтерген облыстық тарихи - өлкетану мұражайында партияның облыстық филиалы жанындағы мәдениет пен өнерді қолдауға бағытталған «Miras» аймақтық кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Көшпелі отырыс барысында кеңес мүшелері мұражайдағы жәдігерлермен танысты.

Кеңес мүшелері ұлттық жәдігерлерімізді сақтау, кейінгі ұрпаққа насихаттауда үлкен орын алатын мұражайдың жұмысына сәттілік тілеп, мұражай жұмысын қолдау бағытында өз ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда мұражай қызметін кеңінен ақпараттандыру, тұрғындардың қатынауы үшін жолаушылар тасымалын ұйымдастыру, қауіпсіздік мәселелерін алға тартып, жауапты басқармаларға ұсыныстар беретін болды.

Кеңес отырысы соңында партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов кеңес мүшесі, облыстық тарихи - өлкетану мұражайының директоры Сапар Көзейбаевқа кеңес жұмысына белсене араласып, партия бастамаларын қолдаудағы еңбегі үшін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Miras» респбуликалық кеңесінің төрағасы Әлтай Аманжол Дүйсенбайұлының арнайы алғыс хатын табыстады.

Атап өтейік, заманауи жаңа ғимарат ұлтымыздың тарихи «Қазақ» атауының қайтарылғанының, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанының 100 жылдық мерейтойына, облыстық музейдің 85 жылдығына арналып салынды. Сыр өңірінің баға жетпес тарихи-мәдени мұрасын сақтау және кеңінен насихаттау мақсатындағы жаңа музей сандық және мультимедиялық технологиялармен жабдықталған. Музейдің 85 жылдық тарихында алғаш рет типтік ғимарат қор сақтау қоймаларымен жабдықталған.

Қазіргі уақытта музей қорында 67 613 экспонат сақталған. Музейдің жаңа экспозицияларында аймақтың флорасы мен фаунасы, палеонтология, археология және этнография, Қызылорда облысының экономикалық және әлеуметтік-мәдени дамуы көрсетіледі. 11 залдан тұратын мұражайдың тақырыптық құрылымы, жабдықтары мен безендірілуі жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып, 3D модельде жасалған. 
22 маусым 2025 ж. 45 0