Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теңіз төскейіндегі толымды тірлікпен танысты

Теңіз төскейіндегі толымды тірлікпен танысты

Мемлекет тағдыры – халықпен бірге. Ел іргесінің берік болуы, ауылдың өркендеуі, өңірлердің дамуы – мемлекет саясатының маңызды бағыты. Осы ретте ел ішінде «Ауыл – ел бесігі» деген қанатты сөз тек ұран емес, нақты іске айналып келеді. Халықпен етене жұмыс істеп, шалғайдағы ауылдардың мұң-мұқтажын тыңдап, өңір тынысын көзбен көріп, жүрекпен сезіну – қоғам қалаулыларының басты міндеттердің бірі. Осындай мақсатпен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының мүшесі Қарақат Абден Арал ауданына арнайы сапармен келіп, бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандардың тыныс-тіршілігімен танысты. Іссапар ел болашағына деген жанашырлықтың, руханият пен экономиканы қатар өркендетуге деген шынайы ықыластың көрінісі болды.
Ол алдымен Арал қаласында жаңадан ашылған Руханият орталығының жұмысымен танысты.
Халық игілігіне берілген орталықта музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталығы мекемелері орналасқан.
ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Қ.Әбден орталықтағы мұражай экспонаттарымен танысып, ардагерлер және аналар орталығының өкілдерімен жүздесті. Мұндағы орталықтардың жұмысына сәттілік тілеп, аталған руханият ордасында елдің игілігіне жарайтын, жастарға жақсы үлгі болатын түрлі шаралардың жоғары деңгейде өтуіне тілектестік білдірді.
Мұнан соң «Qazaqstan halqyna» қоры ауданаралық оңалту орталығының жұмысымен танысты.
Оңалту орталығында Қазалы ауданының және Ақтөбе облысының Шалқар ауданының мүгедек балаларына медициналық көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінгі таңда орталықта ішкі жабдықтау жұмыстары жүріп жатыр.
Осындай заманауи орталық бұған дейін облыстық балалар ауруханасының жанынан ашылған болатын. Ол жүйелі және кешенді тәсілдермен жұмыс істеп, тиімділігін көрсетіп келеді.
Халық қалаулысы орталық ғимаратының құрылыс жұмыстарымен танысып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Сонымен қатар мәжіліс депутаты «Ase Invest» өндірістік зауыттың жұмысымен танысты.
Жоба өңірлік пулға енгізілген, құны 300 млн теңгені құрайды. Зауыт күніне 22 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Қазіргі таңда өнімнің 50%-ы экспортқа бағытталып отыр. Кәсіпорын жобаның екінші кезеңінде ылғал майлықтарды шығаруды жоспарлауда, цех жыл аяғына дейін іске қосылады деп күтілуде. Кәсіпорын жалпы 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл көрсеткіш қосымша өндіріс көзі пайда болғанда еселенбек.
Қарақат Жақсылыққызы зауыт жұмысына сәттілік тілеп, мұндай өндіріс ошақтарының көптеп салынуы ел экономикасы үшін маңызды екенін атап өтті.
Мұнан соң ол қаладағы «Aral See food» балық зауытында болды.
Аталған цехта балықтар «Евростандарт» бойынша мақұлданған технологиямен өңделіп, ішкі нарыққа және ТМД елдеріне жөнелтіледі. Қазіргі таңда аталған зауыт аумағынан балық қалдықтарынан ұн шығару жұмыстарын жолға қойған. Ұн шығаруға арналған цехқа қажетті құрылғылар да жеткілікті. Жергілікті өнім өндіруде озық технологияның мүмкіндіктеріне иек артқан цехта қазіргі таңда жұмыс күші де жеткілікті.
Теңіз өнімдерін түрлі деңгейде өңдеп, нарыққа жөнелтуді қолға алған кәсіпорынға халық қалаулысы сәттілік тілеп, жобаны жүзеге асыруды қолға алған іскер азаматтарға үкіметтен әркез қолдау болу керектігін жекізді.
Қарақат Абденнің ауданға жасаған сапары Шижаға ауылына жалғасып, қазіргі таңда жазғы демалыс орнына айналған ауыл іргесіндегі «Дубай» аталып кеткен шеге құм жағалауында болды.
Әдетте әлеуметтік желіден көз шалған аңсар аудыратын Араб эмиратының шөлді құмы бұйрат-бұйрат болып Шижағада да жатыр. Ысылдаған шеге құм шетел асуға құмар демалушыларды өзіне тартуда. Нақтысы ауданға қарасты ауылдың шаңы жоқ саф ауасы, жауһар әлемге жол бастар бұйрат құмдары бүгінде келушілерге құшағын айқара ашуда.
Бұл жерден квадроцикл де, ат та, түйені де кезіктіруге болады. Тұмса табиғаттың боямасыз болмысын көзбен көріп, жүркепен сезінем деуші әрбір аялдаушыға Аралдың ақ дастарханы мен адал асы да әзір. Ол маңға жету еш қиындық тудырмайды. Мың естігенше бір рет көруге асық туристер бүгінде сол жерді маңайлауда.
Елге табан тіреген Қарақат Жақсылыққызы сол құмды алқапты аралап, келушілерге жасалған жағдайды көзбен көрді. Аймаққа көптеп туристер тартуда осындай таңғажайып орындарды сол күйі сақтап, барлық жағдайды жасауға күш салу керектігін атап өтті.
Мұнан соң Ақирек елді мекеніндегі «Думан» шаруа қожалығының егістік алқабымен танысты. Жалпы көлемі 185 гектар аумақтың 7 гектарына қауын, қарбыз өнімдері егілген.
Қазіргі таңда шаруа қожалықтың төрайымы Ұ.Жарекеева өнімді алатын күннің де алыс емес екенін айтты. Уақыты келгенде дәмі тіл үйіретін Ақбайдың қауын-қарбыздары аймақ сұранысына ие болып, күрежол бойындағы жолаушылар мен базар сөрелеріне жөнелтілетін болады. Шаруашылықта бұдан өзге асқабақ, картошка сынды бақша дақылдары да бар.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қ.Әбден егіс алқабында шаруа қожалық төрайымымен тілдесіп, берекелі кәсіптің нәсібін көруге тілектестік білдірді.
Сапар барысында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының мүшесі Қарақат Абден «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығына аялдады.
130 балаға арналған жатын бөлме, бассейн, сауна, 120 орындық асхана, фитнес зал, шынығу залы, ғаламтор бөлмесі және 60 орындық конференц-залы бар орталық қазіргі таңда жеті ауысым бойынша балаларды қабылдап, көлге тынығушылардың шаттыққа толы орталығына айналуда. Бұл орталықта бұдан бөлек түлектер ҰБТ-ге дайындалса, түрлі деңгейдегі семинар, конференциялар да өткізіліп тұрады.
Қарақат Жақсылыққызы ауданға жасаған сапары барысында аталған орталықта тынығушы балаларпен жүздесіп, бастамаларына сәттілік тіледі.
Мәжіліс депутатының сапары – елдік мүддені, ауыл болашағын, өңір тынысын терең түсінудің айғағы. Ол танысқан әрбір нысан – мемлекеттің дамуға бағытталған жүйелі саясатының жемісі. Шалғай өңірлердің шынайы тыныс-тіршілігін көзбен көріп, халықпен етене пікірлесу ұлт болашағы үшін маңызды. Бұл сапар ел мен халық арасындағы сенімді көпірдің мызғымас тұғыры екендігін тағы бір дәлелдеді. Ауылдың дамуы – елдің дамуы. Ал елдің өркендеуі – осындай елеулі еңбектің, шынайы жанашырлықтың, сенім мен серпіннің нәтижесі.
"Толқын" ақпарат
11 шілде 2025 ж. 64 0