Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Үкіметтік емес ұйымдар, ардагерлер кеңесі және жастар өкілдерімен кездесті

Үкіметтік емес ұйымдар, ардагерлер кеңесі және жастар өкілдерімен кездесті

ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Мұрат Ергешбаев, Сенат депутаттары «AMANAT» партиясы мүшелері Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов және партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов Арал ауданында ашылған Руханият орталығының жұмысымен танысып, Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, Ардагерлер кеңесі  және  жастар өкілдерімен кездесті. 

Атап өтейік, мұндай орталық өткен жылы өңірдің барлық ауданында «Руханият жылы» аясында аймақ басшысының қолдауымен салынды. Орталықта музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталығы орналасқан. Ғимарат ішіндегі мұражайда 11600 экспонат сақталған. Сонымен қатар кітапханада 112 мың кітап қоры бар. 2 үлкен оқу залы 7700 оқырманды қамти алады. Сондай - ақ архив бөлімінде жалпы 233-қор дерек, 62342 – сақтау бірлігі бар. Оның ішінде елімізге белгілі тұлғалардың 24 жеке тектік қоры 781-сурет құжаттары сақталуда. Бүгінде Орталық ақ жаулықты аналарымыз, ардақты ардагерлеріміз бен жігерлі жастарымыз бір жерде бас қосып, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын рухани орынға айналды. 

Үкіметтік емес ұйымдар, Ардагерлер кеңесі  және  жастар өкілдерімен кездесу барысында Мәжілістегі фракция мүшесі Мұрат Ергешбаев Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыру жолында  үкіметтік емес ұйымдардың маңызы өте зор екенін атап өтті.

Сенат депутаты Наурызбай Байқадамов: «Президент атап өткендей,  «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу» екенін тілге тиек етіп, жастарды көп кітап оқуға шақырды. Сонымен қатар жалпы кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыру бағытында өз ұсыныстарын ортаға салды. 

Өз кезегінде Ақсақалдар кеңесі өкілдері халық  қалаулыларына мал азығына қатысты Үкіметтен жеңілдіктер қарастыру жөнінде ұсыныстарын білдірді.
#AMANAT
18 шілде 2025 ж. 43 0