СТРАТЕГИЯЛЫҚ ҚҰЖАТ САЛМАҚТЫ ҺӘМ ЖАН-ЖАҚТЫ

Мемлекет басшысы атап өткендей, біз осы қарқынды жоғалтпауымыз қажет. Аталған Жолдауда экономикада жан-жақты екшеліп, дамудың даңғыл жолына түсудің жарқын жолдары кеңінен қаузалды. Әсіресе, Президент халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын ұсынғалы бес жылдан астам уақыт өткенін тілге тиек етіп, осы мерзімде қоғам мен билік құрылымдарының арасындағы қарым-қатынас мәдениеті өзгергеніне тоқталды.
Иә, жаңару үрдісі еліміз бойынша байқалады. Оны көргісі келмеген көрмейді, естігісі келмеген естімейді. Алайда, уақыт дермені тоқтаусыз дөңгелеп, жүйелі жұмыстар жалғасын таба береді. Оған Сыр елінен де айқын көз жеткізе аласың. Қарт Қаратаудан бастап, айдынды Аралға дейін серпінді істер атқарылуда. Жолдау аясында әлеуметтің әлуетін көтеруге бағытталған ауыз су мәселелері толыққанды шешімін табу үстінде. Сонау шалғайда жатқан Ақбасты аулына тіршілік нәрінің баратынан ешкім сене қоймаған еді. Бірақ айтты, орындады. Мұндай жағымды жаңалық құм қойнауындағы Жіңішкеқұм, Қарақұм ауылдық округтеріне жұғысты болады деп күтілуде.
Қазіргі таңда заман басқа, адам басқа. Бұрынғы әкімдік корпус өзгерген. Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасында көрсетілгендей, шенділер шіренуден ада. Елдік мәселелерді ең бірінші кезекте шешілудің тетіктерін қарастырып, қалың бұқараның сұранысына уақыт созбай жауап қатады.
Ауылдық округ әкімдері де жаңадан жасақталған. Жуырда ғана халық сеніміне ие болып сайланған жаңа әкімдер іске кірісіп те кетті. Мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқының жаңа моделін қалыптастырған. Олар жауапкершілікпен жұмыс істей бастады. Заң мен тәртіпті, экономикалық өсімді негізгі тақырыпқа алған мемлекет басшысының көреген саясатына осы жерде тағы бір мәрте тәнті боласың.
Жолдауда көрсетілген міндетті істердің қатары көп-ақ. Соның ішінде мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру жайы. Негізінен саяси реформа – бір реттік науқан емес екенін ұғынған көпшілік бұл бастаманың ашықтықпен үндесе бастағанын жақсылықтың нышанына балайды. Алдағы кезеңдерде де халық сеніміне ие болған әкімдер сайлауы жалғасын таппақ. Олардың арасына түрлі кәсіп иелері мен партия өкілдері үміткер ретінде тіркеліп, кіндік қаны тамған жерге маңдай терінің де тамуына ниет білдірсе, жолы ашық.
«Елу жылда ел жаңа» деген тәмсіл осындайда еске түседі. Бәрі өзгерді, өзгергенді көз көрді. Бұқаралық ақпарат құралының өкілі ретінде еліміздегі оң саясатты айтудайын айттық, жазудайын жаздық. Міне, осыдан бір жыл бұрынғы Жолдауды санада қайта жаңғыртып, патша көңілді оқырманның жадына түсіруіміздің сыры осында. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында астын сызып көрсеткен тапсырмалардың легін ел аманатын арқалаған атқамінерлердің қаперіне салдық.
Халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту жолындағы жемісті жұмыстар жүйелі түрде жалғасын тауып, Президент жолдауындағы әрбір тапсырманың ойдағыдай орындалуы елімізді тек алға бастайтыны анық. Баянды болашақтың бағдаршамы іспетті бұл Жолдау Тәуелсіздікті ту етіп, төрткүл дүниеге танылып өркениет көшіне ілесе бастаған Қазақстанның асар асуын асқақтатып, шығар биігін биіктете түсетініне сенімдіміз.
А.ЖАЙШЫЛЫҚ
Фото: egemen.kz