Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жолдасбеков президенттікке үміткерге қандай жағдайда "2" қойылатынын айтты

Жолдасбеков президенттікке үміткерге қандай жағдайда "2" қойылатынын айтты

Қазақстан президенті сайлауына түсетін кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтайтын емтихан 3 кезеңнен тұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Емтихан қалай өтеді?
"Бірінші кезеңде үміткер лингвистикалық комиссия ұсынған тақырыпқа жазбаша жұмыс тапсырады. Ол 2 беттен аспауы керек, оны жазуға 1 сағат уақыт беріледі. Егер үміткер 1 сағатта жазып бітіре алмаса, комиссия ақылдаса келе, оған қосымша жарты сағат бере алады. Комиссия мүшелері жұмысты мұқият тексереді әрі әріп қатесін, тыныс белгілерін қадағалайды. Мәселен, шығармадан 8 орфографиялық қате табылса, оған "2" деген баға қойылады", - деді Қазақстан президентіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте. Сонымен қатар ол екінші кезеңде үміткер комиссия ұсынған көлемі үш беттен аспайтын мәтінді оқитынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл кітаптардың тізімі бекітілген.
"Оқитын кітаптарды бекіттік. Бұл – қазақ ақын-жазушыларының кітабы. Сол кітапты қолма-қол төраға ұсынысымен таңдап алады да, 15 минут үзінді оқиды. Қалай оқитынын қарап отырамыз. Президент болатын қайраткер мемлекеттік тілде еркін оқи алуы шарт. Үшінші кезеңде үміткер сөз сөйлейді. Оның да тақырыбы бекітілген, ол конвертке салынып, үміткерге беріледі. Үміткер сол тақырып бойынша сөз сөйлеуі қажет. Тақырыпты тереңірек ашу үшін үміткерлерге қосымша сұрақтар қоюымыз мүмкін", - деді Мырзатай Жолдасбеков.
Лингвистикалық комиссия төрағасының пікірінше, президенттікке үміткер қазақ халқының тарихын, мәдениетін, жетістіктерін жақсы білуі керек.
"Емтиханды қорытындылап, қолымызды қоямыз. Емтихан нәтижесі Орталық сайлау комиссиясына тапсырылады", - деді ол.
Емтихан қабылдайтын комиссия
Айта кетесек, 19 сәуірде Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауында ҚР президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия құрылғанын хабарлаған. Оның құрамына Мырзатай Жолдасбеков, Әділ Ахметов, Ғарифолла Есім, Сейіт Қасқабасов, Гүлтас Құрманбай, Ерден Қажыбек енді.
Қазақстандағы президент сайлауы
2019 жылдың 9 маусымында Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Президенттікке кандидаттарды ұсыну 28 сәуірге дейін жалғасады. Үміткерлерді елімізде ресми тіркелген партиялар мен республикалық қоғамдық бірлестіктер ұсынуға құқылы.
sputniknews.kz
22 сәуір 2019 ж. 907 0