ЖОҒАРЫ КӨРСЕТКІШТЕРГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ – МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ

Аудан бойынша 2025 жылдың қаңтар-шілде айларында негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсім қалыптасқаны қуантады. Статистикалық деректерге сүйенсек, өнеркәсіп өнімі 6,1 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 7,6 пайызға артқан. Бұл – ауданда өндірістік әлеуеттің тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2 пайызға ұлғайып, жергілікті шаруалардың еңбегінің нәтижелі болғанын дәлелдеді. Құрылыс жұмыстарының көлемі де 9,4 пайызға өсіп, ауданның инфрақұрылымдық дамуы айқын байқалды. Ал пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 3,1 пайызға артып, халықтың баспанамен қамтылуы бағытында оң динамика сақталуда.
Инвестиция тарту саласында да айтарлықтай жетістік бар. Жылдың жеті айында бұл көрсеткіш 86,1 пайызға өсіп, оның ішінде жеке инвестициялар көлемі 8 пайызға артты. Бұл – кәсіпкерліктің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, сондай-ақ әлеуметтік жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік береді. Дегенмен, аудан әкімінің орынбасары Еркін Жұмаханұлы тек осы нәтижелермен шектеліп қалмай, жұмысты одан әрі жандандырудың қажеттігін ерекше атап өтті.
Ол өз сөзінде негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамиканы жыл соңына дейін сақтап қалу маңызды міндет екенін жеткізді. Әсіресе өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағы, құрылыс пен инвестиция тартудағы қарқынды бәсеңдетпей, барлық жауапты бөлімдердің үйлесімді жұмыс атқаруы қажет екенін ескертті.
Сонымен қатар мәжілісте алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселесі кеңінен талқыланды. Еркін Әбішев бұл бағыттағы жұмыстарды ерте бастан қолға алу қажеттігін айтып, жауапты бөлім басшылары мен қала, кент, ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. «Жылу маусымына дайындық – уақыт күттірмейтін маңызды іс. Әлеуметтік нысандардың жылыту жүйесі толық әзір болып, тұрғындар қысты алаңсыз өткізуі үшін барлық шара қазірден бастап қолға алынуы тиіс», – деді ол.
Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, бұл маусымды тұрақты әрі сапалы өткізу аймақ басшысының тікелей бақылауында тұр. Сондықтан дайындық барысы қатаң қадағалауда болып, әрбір жауапты тұлға өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Әсіресе білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және әлеуметтік қорғау нысандарының жылу жүйесі толықтай тексеріліп, қысқа толық дайын болуы – басты талап.
Жиын соңында Еркін Жұмаханұлы барлық сала басшыларын жұмыла жұмыс істеуге, қол жеткізген жетістіктерді сақтай отырып, оны одан әрі дамытуға шақырды.
«Толқын» ақпарат