Аудан әкімі қазыналы қариялардың шаңырағына барып құрмет көрсетті
Бүгін 1 қазан – қарттар күні мерекесі қарсаңында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев Арал қаласында тұратын бірнеше қарттардың шаңғырағына барып, қазына кеуде қарияларға лебізін білдіріп, аймақ басшысының арнайы құттықтауын жеткізді.Аудан басшысы А.Оңғарбаев алдымен қаладағы Ғ.Мұстафин көшесінің тұрғыны 83 жастағы Жаппарберді Бержановтың шаңырағына бас сұғып, қарияларды мерекесімен құттықтады.
Ардагер Құланды жылқы зауытында зоотехник-селекционер, осы зауыттың №1 ферма зоотехнигі, Арал совхозының №33 ферма зоотехнигі сынды қызмет сатысынан өтіп, шаруашылық толық тарқағанша осы ферманың меңгерушісі болып абыройлы қызмет атқарған. 1997 жылдан бастап Арал жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төраға орынбасары және шаруашылық меңгерушісі болып жұмыс атқарған. 1976 жылдан 1997 жылға дейін совхоздың партбюро мүшесі, ауылдық советтің депутаты болып сайланған. 2005 жылы зейнетке шыққан. Бүгінде Арал ауданының құрметті азаматы.
Жұбайы Бержанова Қанзада 1976 жылы жинақ кассасында контролер-кассир болған. Партияға өтіп аудандық комитеттің хатшысы, аудандық әділет басқармасында қызметкер болған. 2007 жылы Халыққа қызмет көрсету орталығында инспектор қызметін атқарған. 2017 жылдан бастап зейнетте.
Аудан басшысы Аманжол Сақыпұлы қазына кеуде қариялардың иығына шапан-жаулық жауып, сый-құрмет көрсетті.
Мұнан соң ауданның абыз ақсақалына айналған жазушы-журналист, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шәкірат Дәрмағамбетовтың шаңырағына барды.
Әлі күнге қолынан қаламы түспеген, жазушылықты жаны сүйетін қарт қазына бүгінде 97 жастың төрінде. Әлі күнге дейін ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын жан-жақты саралап, жаңалықтарға құлақ түре жүреді. Қарт жазушының шаңырағындағы бір бөлме шығармашылықтың алтын руханиятына айналғалы қашан. Мұнда жазушының қолжазбалар жинағы мен түрлі кезеңдегі газет тігінділері сақталған. Елге белгілі ақын-жазушылардан естелікке берілген құнды жәдігерлер өз алдына.
Аудан басшысы ғасырға иек артқан абыз кеуде ақсақалды мерекемен құттықтап, арнайы сый-құрмет жасады. Елдің амандығына ұдайы тілекші болып, жақсылық істерге ниеттес болып отыратын абыз ақсақалға аймақ басшысының арнайы құттықтауын жеткізіп, батасын алды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі













